14 қыр, 2017 сағат 09:48

Бектас Бекназаров Сенат төрағасының орынбасары болды

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Бектас Бекназаров пен Дархан Кәлетаевтың қызметтері бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Жарлығымен бірқатар Сенат депутаты қайта тағайындалды.

Осы орайда, Президенттің ұсынуы бойынша депутаттар жасырын дауыс беру арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы етіп сайлады.

Заңнамаға сәйкес, Палата төрағасы өз орынбасарының кандидатурасын ұсынады. Сенат регламентіне орай, Сенат төрағасының орынбасары палата депутаттары арасынан жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы жалпы отырыста сайланады.

«Осыған байланысты Сенат төрағасының орынбасары қызметіне депутат Бектас Әбдіханұлы Бекназаровты ұсынамын», - деді Палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дауыс беру нәтижесінде, Бектас Бекназаров Сенат төрағасының орынбасары лауызымына қайта сайланды.

Бұдан бөлек, Дархан Аманұлы Кәлетаев сенаторлыққа қайтадан тағайындалуына байланысты тұрақты комитеттің құрамына сайланды. Атап айтқанда, ол Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмысын жалғастыруға ниет білдірді.