07 мау, 2019 сағат 09:39

Беккер ата-аналарға балаларын батутқа апармауға кеңес берді

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер батуттардың қауіпсіздігін бақылау мәселесі қалай реттеліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Батуттарға қатысты бақылау басталады (ұлттық стандарт бойынша 1 шілдеден бастап). Бірақ, қазірдің өзінде бақылау жоқ деуге келмес. Барлығы да нұсқауда жазылған. Мәселен, сіз дүкеннен кез келген тұрмыстық құрылғыны сатып алсаңыз, қорапшасының ішінде оны қалай пайдалану керектігі туралы нұсқаулығы жатады. Ол нұсқаулықтың алғашқы сөйлемінде «осыны оқымай құрылғыны пайдаланбаңыз» делінген. Батуттарда да сондай. Екінші мәселе, егер батут жұмыс істеп тұрса, ол сертификатталып, қауіпсіздік шарттарына сай келуі тиіс. Қарағандыдағы жағдайда сертификат болды ма? Мұны тергеу анықтайды. Бірақ, менің ойымша, адамдар бір-бірінен сатып ала беретіндіктен, аталмыш батуттың құжаты жоқ болуы мүмкін», - деді комитет төрағасы ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Владимир Беккер батуттарға қатысты роликтерді YouTube желісінен арнайы көргенін айтады.

«Өндіруші баға, билет қанша болуы керектігі жайлы барлығын айтып береді. Бірақ, шынтуайтында техникалық талаптардан бөлек, онда бекіту ережелері, пайдалану шарттары да болуы тиіс. Бір батутта 3 жастағы және 15 жастағы бала бір уақытта секіріп жүрмеуі керек. Яғни, жас бойынша, салмақ бойынша санаттар болуы тиіс. Ойлап қарасаңыз, 60 келілік бала батутқа секіріп қалса, 10 келілік бала сыртқа ұшып кетуі мүмкін», - деді ол.

Сонымен қатар, комитет төрағасы «Ата-аналарға балаларды батутқа апаруға кеңес берер ме едіңіз?» деген сұраққа жауап берді.

«Меніңше, апармай тоқтата тұру керек. Бұған дейін айтқанымдай, бізде сырттай қалыпты көрінетін жағдайлар баршылық. Барлық ата-анаға жағдайға, қауіп деңгейіне, ауа райы мен батуттың жағдайына баға берген дұрыс дер едім. Ақша үшін ғана қойылды ма, техникалық персоналы толық па, бір жағдай болып қалса, көмек уақытында келе ме - бәріне баға берілуі тиіс. Құрылғы қалай орнатылғанын көру керек», - деді ол.

Айта кетсек, Қазақстанда балалар аттракциондарының жұмысын реттеу ережесі әзірленіп жатқанын Владимир Беккер бұған дейін айтқан болатын.