21 қар, 2018 сағат 07:18

Бекболат Тілеухан. Тарихи сананың тұғыры ұлттық болмыста

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше уақиға!

Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретуімен ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне үлес қосқаны белгілі.

«Ер қанаты – ат» деп білген алаш баласы әр сөзінің астарын атпен сабақтайды. Айтар ойын атпен байланыстыра бейнелейді.

Жылқы мінезді жұрттың адам ұғлының мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыстыра суреттеуі – бұл құбылыстың дүниетанымымызға қаншалықты сіңісті болғанына дәлел.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни сөзінің мәніне бойлаған ел өзінің болмысын танымақ. Атты әспеттеу – болмысыңды зерделеу. Сондығымен де, осы мақаланың меңзері алыс, мәні терең.

Ұлттық код, генетикалық жадыңның бір ұшығы, қордалы қоры осында жатыр. Дәлелге тартсақ, мысалда қисап жоқ. Дегенмен, еске түскен бірен-саран тіркестерді тізіп көрсек.

Қоғамнан орын таппаққа бет алған жанды қазекең «ат жалын тартып мінді» десе, мансапқа қолы жеткенді «атқамінер» дейді. Ұшқыр (бұл да атқа қатысты сөз) ойлы жанды «ат сүрінгенше ақыл тапқан» деп, баршаның көңілінен шыққан кісіні «су төгілмес жорға» дейді.

Билік алғанды «екі тізгін, бір шылбырды қолына алған» десе, әріптесіне «үзеңгі жолдас» деп ат қойған.

Сыйы асып, елге еңбегі өткен егде кісінің қадіріне байланысты «жақсы аттың жағын ашпайды» дейді.

Ақылы асқан жасты «тайында тұлпардан озған» деп бейнелейді. 

Өзі біліп, іс қылғанды «қамшы салдырмас» десе, ісі баяу жайбасарды «шабан» деген.

Істің байыбына бойламайтын, шала шешімді «ат үсті» деп атап, аңқауды «астындағы атын алты ай іздеген» деп қағытады.

Ала қотырын үйірге жұқтырған кеселді малдай бүлікшілді «ел ішін алатайдай бүлдірген» деп сипаттаса, кетіскен жанды «ат құйрығын кесісті», табысқан жанды «ат айналып, қазығын тапты» дейді.

Ақылы шолақты «ат құлағынан әріні көрмес» десе, әрнәрсеге орынсыз ұрынған сұғанақты «соқыр құлын аттан емшек іздейді» деп әжуалайды.

Ештеңе жақпайтын, қанағаты кем, шүкірсіз жанды «аты к..тін, к...ті атын жақтырмас» деуі анайылау болса да, айызды қандырғандай тіркес.

Өнер оздырғанды «ақтаңгер», бәсі жоғарыны «шоқтығы биік», жарысты «бәйге», таласты «дода» деуі, бәрі-бәрі – жылқымінез халықтың болмысымен біте қайнасып кеткен ұғымдар.

Берекені «ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп суреттейді.

Айыбына ат-шапан беріп, бәсіреге тай атап, құрметтісіне ат мінгізу – бұл сөз ғана емес, сан ғасырдан жеткен салт еді.

Ұлттық ойындарымызды да атсыз елестету әсте мүмкін емес. Бәйгеңіз де, аударыспақ, көкпарыңыз да, теңге ілу мен жамбы атуыңыз да ат үстінде өтеді.

Санаға сіңісті болған сөз орамдары – ұлттық болмысыңның ұстыны. Ат айбарым ғана емес, адамзат өркениетінде орнымды көрсеткен айғағым.

Аяғы жерден көтеріліп, атқа қонған қазақ ешкімге кеудесін бастырмаған. Тағы да атқа қоныппыз.

Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы белгілі. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан.

Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақаласының негізі өзегі деп түсіндік. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет.

Бекболат Тілеухан