11 мау, 2019 сағат 13:21

Бекболат Тілеухан: "Қай халық алаңға шығып арман-мұратына жетіпті?.."

Кезектен тыс Президент сайлауы өткеннен кейін елдің көңілі алаң болғаны белгілі. Осы ретте белгілі қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханов жұртты сабырға шақырып, пікір білдірді. Оның ой-пайымы әлеуметтік желіге тарап кетті, деп хабарлайды dalanews.kz порталы.

– Қазір протест бар ма, бар. Бұл сайлау – бұрынғы сайлаулардан өзгеше өтті. Бұл жолғы сайлауда бақылаушылар көп болды. Бәйгеде барлық ат мәрені бірінші болып кеспейді ғой. Сондықтан бәйге-бәсеке болған жерде көңілі толмайтын адамдардың болуы - заңды құбылыс. Біраз адам «битке өкпелеп, тонын отқа жағыпты» дегендей алаңға шықты. Қай халық алаңға шығып арман-мұратына жетіпті? Қай ел төңкеріс жасап, өзі отырған бұтағын аралапты? – деп Бекболат Тілеухан жұртты сабасына түсіруге тырысты.

Бұдан кейін ол сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевқа елде туындағын әлеуметтік мәселелерді шешуге мұрсат беру керек екенін айтты.

– Әрине, қоғамда қыжыл бар. Несиесін жаба алмай халықтың қиналып жүргенін білемін. Бірақ, бұл мәселе – айқаймен шешілмейді. Ана алаңда тұрған полиция - менің бауырларым, ереуілдетіп жүргендер менің – ұлдарым мен қыздарым. Осыны көргенде ішім ашиды. Мұндай қасіретті жағдайға берілмеуіміз керек. Тоқаев «Старые проблемы и новые решение» деп айтты ғой. Біз оған мұрсат берйік. Тәуелсіздіктің екінші тесті, яғни, жаңа сынағы басталды. Жаңа дәуірге аяқ бастық. Назарбаев дәуірі өтті. Астанасын салып, Қазақстанды бүкіл әлемге тантты. Бір сөзбен айтқанда өзіне тиісті шаруасын аяғына дейін жеткізді. Бүгінде Қазақстан секілді елге сыртпен байланысты дамытатын дипломат керек екенін бәріміз білеміз. Сондықтан дәл қазір бізге сабырлылық қажет. Мұндай сәтте қанға сіңген тектілігімізді көрсетуіміз керек, – деді Мәжіліс депутаты.