10 қаң, 2020 сағат 13:19

BekAir ұшағының апаты: Әуежай маңынан заңсыз жер бергендер тергеліп жатыр

Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Алматы қаласының Талғар ауданында заңсыз жер берген лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әуежай аумағынан тыс заңсыз құрылыс бойынша: Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Талғар ауданында Алматы қаласының әуежайының маңынан заңсыз жер телімдерін беру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Анықталғанындай, 2015-2019 жылдар аралығында Талғар ауданының лауазымды тұлғалары қызметін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аумағынан тұрғын үй құрылысын салуға заңсыз жер беріп келген», - деді ол.

Айта кетерлігі, осы жиында Роман Скляр BekAir ұшағының апатқа ұшырау себебін атады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бекэйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген еді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия жіберілді.