10 қаң, 2020 сағат 12:22

BekAir ұшағының апатқа ұшырау себебінің алдын ала болжамы жарияланды

Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр BekAir әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау себептерін анықтау бойынша үкіметтік комиссия жұмысының алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Комиссия апаттың мән-жайын талдай келе 4 нұсқаны анықтады: біріншіден, әуе кемесіне коммерциялық жүктің тиелуіндегі және ұшақтың тепе-теңдігін анықтаудағы бұзушылық, екіншіден метеожағдай секілді сыртқы ықпал, үшінші пилоттаудағы экипаждың қателігі және төртіншісі авиациялық техниканың бұзылуы», - деді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бекэйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген еді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия жіберілді.