07 қар, 2019 сағат 16:02

Байменов: Қағаз толтыру, есеп беру сияқты жұмыстар әлі де мұғалімнің көп уақытын алады

Білім беру жүйесінде еліміздегі университеттер мен мектептер өзін-өзі басқару жүйесіне көшуі тиіс. Сонда талапқа сай жаңа бағдарламалар жүзеге асырылады. Ақтаудағы халықаралық форумға қатысқан Әлихан Байменов осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, білім жүйесіндегі ұстаз бен шәкірт адамзат өркениетінің дамуында өте маңызды рөл атқарады.

«Бүгінгі күннің ұстазы жаңа технологиялар заманында өркениеттік миссиясын атқаруы үшін оған деген сенім болуы керек. Оның абыройын көтеретін қадамдар жасалуы тиіс. Біздің білім беру жүйесіндегі университеттер мен мектептер өзін-өзі басқару жүйесіне көшкені жөн. Сонда талапқа сай жаңа бағдарламалар жүзеге асырылады. Білім министрлігі өз миссиясын оқу орындары мен халықтың білімге деген қажеттілігін өтеу деп белгілеуі керек. Біздің білім беру жүйесі осы бағытта дамыса, онда жаңа технологияларды да дұрыс пайдаланамыз. Себебі жаңа технологиялар – құрал», - дейді Әлихан Байменов.

Ал, түпкі мақсат – білікті, тәрбиелі, адамзаттың ортақ құндылықтарын бойына сіңірген, елді болашаққа бастап жүретін маман тәрбиелеу.

«Міне, осы тұрғыдан алғанда қаншама жаңа технологияны енгізгенімен, құндылықтар және орта қалыптастыру мәселесі тұр. Басқару жүйесін өзгерту бір күндік шаруа емес. «Батпандап кірген мысқылдап шығады» деген сөз бар. Әлі де болса мұғалім сабақ беріп, білім алумен қатар түрлі қағаз толтыру, есеп беруге көп уақыт бөледі. Бұл жұмыстар оның көп уақытын, энергиясын алады. Оқу орындары да талай есеп құжаттарын толтырады. Ректорды, директорды тағайындадыңыз ба, оған сенім болуы керек. Мысалы, елордадағы министрліктегі инспекторға деген сенім ректорға артылған сенімнен жоғары болмауы керек. Ректор мұғалімдерге толық сеніп, оны жұмыс нәтижесі бойынша бағалауы тиіс», - дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы (ACSH) басқарушы комитетінің төрағасы.