30 мау, 2017 сағат 11:59

Байқоңырлықтарға обаға қарсы екпе алу керек - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қызылорда облыстық обаға қарсы станциясы мониторинг бойынша жоспарлы жұмыс аясында Қызылорда облысының  5 ауданы және Қарағанды облысы Ұлытау ауданының аумағында Байқоңырдан 12 шақырым қашықтықта шектеулі учаскеде жүргізілген зертханалық зерттеудің нәтижесінде саршұнақ пен бүргеден, сондай-ақ 14 кеміргіштен оба ауруы табылды.

Бұл туралы  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті хабардар етті.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың ахуалы жайлы ақпарат алмасу туралы қазіргі келісім аясында, анықталған індет туралы «Байқоңыр» кешені басшылығына ақпарат беріліп, аумаққа профилактикалық дезинсекция жүргізу және жұмысшыларға вакцинация  егу ұсынылды. Сондай-ақ, мұндай ақпарат Қармақшы ауданының әкімі мен ветеринарлық қызмет басшылығына да жіберілді.

Қазіргі таңда Қызылорда облыстық обаға қарсы станциясы Жосалы бөлімшесінің көмегімен қорғаныс аумағын құру, халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстары, сондай-ақ  4 текше шақырым аумақты дезинсекциялық өңдеу жұмыстары жүргізіп жатыр.    

ТМД елдері территориясында 2 млн шаршы км-ден астам жерді қамтитын оба қоздырғыштығын білдіретін обаның энзоотиялық аумақтары бар екендігін атап өткен жөн.

Қазақстанда обаның энзоотиялық аумақтарына 8 облыс жатады (Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облысының кей жерлері және ШҚО). Бұл облыстар аумағында обаға қарсы станциялар жұмыс істеп, онда жыл сайын жоспарлық тәртіппен оба қоздырғышының бар-жоқтығы бақыланады. Зоологоиялық-паразиттік және зертханалық сынамалардың нәтижесін негізге ала отырып, алдын ала зарарсыздандыру және дератизациялау  сондай-ақ, тұрғындарды вакцинациялау шаралары өткізіледі.

Бұл шаралар республикадағы оба бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 2003 жылдан бері  Қазақстан тұрғындары арасында оба дертімен ауырғандар тіркелген жоқ.