28 жел, 2016 сағат 08:46

Байқоңырдан 2017 жылы ұшырылатын ғарыш аппараттарының жоспары бекіді

"Союз-У" зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылайын деп тұрған сәт. 29 қараша 2016 жыл.

Қазақстан үкіметі Байқоңыр ғарыш айлағынан 2017 жылы ұшырылатын ғарыш аппараттары мен сынақ үшін ұшырылатын зымыран тасығыштарының жоспарын бекітті, деп хабарлады қорғаныс және ғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Жоспар бойынша, Ресейдің федералдық ғарыш бағдарламасы аясында 2017 жылы Байқоңырдан ресейлік 17 зымыран тасығыш, оның ішінде екеуі "Ресей қорғаныс министрлігінің пайдасы үшін" ұшырылмақ.

Сонымен қатар, келесі жылы ресейлік сегіз "Союз" зымыран тасығышын ұшыру жоспарланған. Олардың - ғарышкер басқаратын төрт "Союз МС" кемесі, үш "Прогресс МС" ғарыштық жүк кемесі және қашықтан зондылайтын "Канопус В-ИК" спутнигі.

Жоспар бойынша, келесі жылы жеті "Протон-М" және екі "Зенит" зымыран тасығыштары ұшырылмақ.

Министрліктің мәліметінше, 2016 жылы Байқоңырдан 11 зымыран тасығыш ұшырылған.