11 қаз, 2018 сағат 17:03

Байқоңырдағы апат: «Союз МС-10» зымыранының екінші сатысы қайда құлауы мүмкін

Апатқа ұшыраған «Союз МС-10» кемесінің екінші сатысы Жезқазғаннан 30-35 шақырым жерге құлауы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апатқа ұшыраған ғарыш кемесінің екінші сатысының қазіргі уақытта қай жерде құлағаны белгісіз. Елді мекендерден, жергілік атқарушы органдардан және өзге де тұлғалардан азаматтық қорғаныс органдарына қандай да бір ақпарат келіп түскен жоқ», - деді Владимир Беккер.

Оның айтуынша, іздеу-құтқару тобы ғарыш кемесінің екінші сатысының құлаған жерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған ғарыш кемесіне отын ретінде керосин мен оттек пайдаланылған.

«Ғарыш кемесінің екінші сатысы шамамен Қарағанды облысының Жезқазған қаласы маңында құлауы ықтимал. Роскосмос мамандарымен сөйлескенімізде, олар зымыран бөшегі құлауы мүмкін ауданды атады. Яғни, Жезқазған қаласынан 30-35 шақырым жерге құлауы мүмкін. Зымыран бөлшектері құлайтын траекторияда ешқандай елді мекен жоқ. Зымыранның екінші бөлшегі елді мекенге құлаған болса, онда осы уақытқа дейін ақпарат болар еді», - деді комитет төрағасы.

Бұған дейін ғарышерлердің дін-аман екендігін, қазіргі уақытта оларды іздеу-құтқару тобы Байқоңыр ғарыш айлағына апара жатқанын хабарлаған болатынбыз. 

Айта кетейік, бүгін 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин старт алаңынан орбитаға басқарылатын көліктік «Союз МС-10» кемесін алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымыран тасығышы ұшырылды. Бірақ старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор «зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын» хабарлаған еді. 

«Союз МС-10» кемесінің бортында Роскосмос ғарышкері Алексей Овчинин мен NASA ғарышкері Ник Хейг бар.

Сәл кейінірек апатқа ұшыраған зымыранның видеосы жарияланды.