26 мам, 2020 сағат 05:44

Байқоңырда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

25 мамырда өткен қалалық жедел штабтың отырысында Байқоңыр аумағында коронавирус инфекциясы бойынша карантинді 2020 жылдың 15 маусымына дейін ұзарту шешімі қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін шектеу шараларын 1 маусымда алып тастау жоспарланған еді. Штаб отырысында Ресейдің Федералды медико-биологиялық агенттігі «Байқоңыр» кешенінің өңірлік басқармасының басшысы Андрей Попов коронавирус инфекциясын жұқтырған жаңа жағдайлар туралы хабарлады.

Жалпы алғанда Байқоңырда жағдай тұрақты: 241 адам өз үйлерінде оқшауландырылды. Инфекцияға 287 тест тапсырылды. Оның 7-еуі оң нәтиже көрсетті (16-24 мамыр). Қызылорда облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, штаб мүшелері COVID-19 індетінің таралуын алдын алу бойынша шектеу шараларын 2020 жылдың 15 маусымы сағат 00:00-ге дейін ұзартуды шешті.

Осы күнге дейін бақылау-өткізу пунктерінде шектеулер сақталады. Байқоңыр қаласы, Торетам кенті және Ақай ауылдық округінің тұрғындары бақылау-өткізу пунктері арқылы арнайы рұқсат қағаздары бойынша өтетін болады.

Сонымен қатар, жедел штабтың шешімімен күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, көрмелер мен мұражайлардың, меншік түріне қарамастан жабық түрдегі спорт нысандарының, фитнес-клубтардың және спорт залдарының қызметіне рұқсат етілді.