29 жел, 2016 сағат 12:34

Байбек Жаңа жылдың алдында азық-түлік бағасын тексерді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың ірі сауда желісі дүкендерінің біріне барып, азық-түлік бағаларымен танысты, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Әкім шұжық, майонез, бұршақ, картоп секілді дәстүрлі жаңажылдық себеттен табылатын азық-түлік бағасына гипермаркет ұсынған жеңілдіктерге қызығушылық танытты. «Жаңа жыл алдында барынша жеңілдіктер жасауға тырысамыз», - деді қала басшысына дүкен жетекшілігі.

Олар әкімге тауар сөрелерін көрсетіп, бағаларымен таныстырып шықты. Журналистер әкімнен бағалардың қаншалықты қолайлы екенін сұрағанда, әкім «Бұл туралы қалалықтар айтсын» деп жауап берді.

«Біз қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз, көрдіңіздер ме, өркениетті сауда келді - демек тұрақты салықтар, тұрақты жалақы, қалыпты сапа болады. Біз биыл алматылық өнімдердің үлесін 2% арттырдық. 2% аз болып көрінетін шығар, бірақ Алматы 3 миллион халқы бар үлкен нарық және бұл 2% - үлкен жүйелі еңбекті көрсетіп тұр, алдағы уақытта да жұмысты жалғастыра бермекпіз», - деді Бауыржан Байбек.