#
#
Жексенбі 21/07/2019

Байбек: Партия қатарын «тазалап», санға емес, сапаға басымдық береміз

  • 10.07.2019
  • 0
  • 1177

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен барып, партияның облыстық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясына қатысты, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі. 

Жиын барысында ол партияның жаңа кезеңдегі міндеттерін анықтап, алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап берді.

Өз сөзінде Бауыржан Байбек партияның сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтетінін айтып, бұл жұмысты ең алдымен өз ішінен бастайтынын жеткізді. Осы ретте Маңғыстау облысында кейбір басшылық қызметтегі адамдардың сыбайлас жемқорлықпен ұсталғаны туралы деректердің бар екенін атап өткен жөн.

«Өңірлік филиалдың басшылығы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің құрамы мен жұмысын жүйелі қадағалап отыру керек. Қазір партия қатарын «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз. Бұл істе біз санға емес, сапаға баса мән береміз», – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Адамға лайықты жағдай жасау, оның құқықтары мен еркіндігін қорғау, жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету – партия жұмысының негізгі басымдықтары. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруда партияның рөлі ерекше.

Осы мәселеге назар аударған партия Төрағасының бірінші орынбасары басты міндет халықтың сенімін күшейту екенін тілге тиек етті.

«Халықтың сенімін күшейту үшін Елбасы партия жұмысын түбегейлі қайта қарастырып, мазмұнды «қайта жүктеуді» тапсырды. Бұл істе біз партиялық бақылауды күшейтіп, атқарылған жұмыстарды Парламент пен мәслихаттардағы фракцияларымызда белсенді түрде талқылайтын боламыз», – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен бірге жиын барысында депутаттық сауалдар бүкіл қоғамды алаңдатқан аса өзекті мәселелермен үндесіп, байланысып жатуы керектігі, партия осы бағыттағы бақылауды күшейтуі тиіс екені айтылды. Осы ретте партия төрағасының бірінші орынбасары Маңғыстау облыстық мәслихатындағы депутаттық фракцияның жұмысы көңіл көңшітпейтініне назар аударды.

«Жұмыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы соңғы екі жылда көш соңында қалып келеді. Егер біздің депутаттар белсенділік танытып, өзекті мәселелерді талқылап, халықпен кездеспесе, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сөйлемесе, қандай қоғамдық сенім туралы айтуға болады?! Партия жарты жылдан кейін сайлауға кіммен барады?! Сондықтан бұл бағытта Маңғыстау облысы тиімді тетіктерді іске қосуы керек», – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар ол Елбасы, партия төрағасының жаңа кезеңде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру, халықпен кері байланысты жүйелі жолға қою, әр өтінішті назардан тыс қалдырмай, дер кезінде әрекет етуді партияның алдына маңызды міндеттер ретінде қойып отырғанын айтты.

«Партия халықтың үнін ести де, тыңдай да білу керек. Сол себепті партияның қоғамдық қабылдау жұмысын күшейтуіміз қажет. Бұл істе Маңғыстау облысында өтініштерді тіркеуде кешігу сияқты мәселелер бар. Сондықтан әрбір келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркеліп, ол толығымен оң шешімін тапқанға дейін қатаң бақылауда болуы тиіс», – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Сапар барысында Бауыржан Байбек халықтан келіп түскен өтініштерге сәйкес облыс орталығында салынып жатқан онкологиялық диспансерге барды. Бұл денсаулық сақтау нысанының құрылысы 2009 жылы басталған. Содан бері жұмысы өнбеген құрылысқа қатысты жергілікті тұрғындар партияға шағымданған. Сондықтан бұл нысан пайдалануға берілгенге дейін Nur Otan-ның қатаң бақылауында болады.

Айта кетейік, Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен партия облыстық филиалының конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов партияның облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР