11 ақп, 2019 сағат 22:49

Баян Алагөзова: "Министр мырзалар, ояныңыздар, халықты тыңдаңыздар!.."

Елімізге белгілі өнер жұлдыздары көпбалалы аналардың талап-тілегіне қатысты ойларын әртүрлі әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр. Танымал продюсер Баян Алагөзова да көпбалалы аналардың жанайқайын жеткізуге тырысқан. Ол аналардың талабы орынды екенін айтып, министрлерге өтінішін жазды.

“Көпбалалы аналардың санына қарағанда, бізде демографиялық жағдай жақсы. Әлеуметтік желі қолдауды сұрап, көмек талап еткен аналардың айқайына толы. Олар жәрдемақыны көбейтіп, баспана сұрайды. Балаға мектептерде тегін ас беріп, жолақысын тегін қылуды сұрайды. Бұл - дұрыс талап. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселеге бес баланың өлімінен соң ғана назар аударды. Мен - еңбек министрі емеспін. Мен де анамын. Мемлекет алдымен балаларды, болашағымызды қорғауы керек деп ойлаймын. Бәрінен қорқыныштысы – жасыру мүмкін болмай кеткенде шындықты айту. Жылап тұрып, шындықты айтып жатқандардың сөзіне құлақ асу керек”, – деп жазды Алагөзова желіде.

Продюсер қандай жағдайда да аналардың жағында екенін айтып, олардың талап-тілегі орынды екенін жеткізген. Бұл мәселенің өте өзекті екенін де атап өтеді.

“Министр мырзалар, ояныңыздар, халықты тыңдаңыздар! Балалар бақытты болса екен деймін. Еліміздің дамығанын қалаймын. Құрметті әйелдер, мен барыншы сіздер жағындамын. Қай ана болса да еш қиыншылыққа қарамастан балаларын жақсы көре бермек, бірақ билік шындыққа тура қарауы керек. Бұл постты жазып отырған себебім – әрбір ананың әр баланың тағдыры мені де алаңдатады. Тек бақытты ана ғана дені сау ұрпақ тәрбиелей алады. Ал, аналардың көз жасын Құдай еститіні анық. Осынша көп ана жалған сөйлеуі мүмкін емес. Бұған көз жұмуға болмайды. Жаңалық үш күн ғана өмір сүруі мүмкін, бірақ бұл жолғы мәселе ондай емес”, – деп жазды продюсер.

stan.kz