26 сәу, 2017 сағат 11:59

Бауыржан Жолшиев қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Футболдан Қазақстан чемпионы Бауыржан Жолшиев қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы prosports.kz жазды.

«Астана» клубының бұрынғы ойыншысы 2016 жылы күзде «мерседес» автокөлігін мас күйінде жүргізіп, үш жылға куәліктен айырылған. Алайда, 2017 жылы 3-ші сәуірде қайтадан көлік тізгіндеді. Бұл жолы Бауыржанға Қылмыстық Кодекстің 346-шы бабына сәйкес іс қозғалды. Теріс әрекеті үшін футболшыға 500 айлық көрсеткіштік айыппұл салынуы тиіс еді. Бірақ, судья Олжас Күренбеков қалталы азаматқа мұндай қаражат аз деп санап, жазаны 200 сағаттық қоғамдық жұмыстарға ауыстырған. Енді Жолшиев Алматы қаласының көшелерін тазаламақ.


ІІД-нің баспасөз қызметкері Ғалымжан Қасеновтың айтуынша, футболшы жұмыс істеуден бас тартқан жағдайда жазасы ауырлайды. Қарапайым сөзбен айтқанда футболшы бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.