19 ақп, 2018 сағат 11:59

Ақын Бауыржан Халиолланың жаңа жыр жинағы жарық көрді

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, танымал ақын Бауыржан Халиолланың "Жан тебіреніс" атты жыр жинағы оқырманға жол тартты.

Айтыс пен жазба поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ақынның бұл жинағы "Ана Арыс" баспасынан 2000 данамен жарыққа шықты. 

Жаңа кітап "Көне сүрлеу", "Махаббат майданы", "Жаңа соқпақ", "Ағымнан ақтарылсам..." және "Көңіл пернесі" атты бірнеше бөлімнен тұрады.

Айта кетсек, бұған дейін ақынның «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн»(2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтары жарық көрген болатын.

Ақынның жаңа жыр жинағынан өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынамыз.

Ақталу 

Иеді мойынымды мұң салмағы, 
Жеткізбей желмая-күн қусам дағы. 
Аңсаймын айлы түнде аппақ айдын, 
Кірпияз көңілімді кір шалғалы. 

Барлық жер балпаң басар тақ-төрімде 
Аңқылдай беріппін-ау ақ көңілдей 
Ақ мамық – аққу мойын, беу, дүние, 
Сәбилік сәттерімде тәтті едің ғой. 

Үзілсе, жібек жібі үміттің де, 
Сұрланбай сыр ашамын күліп кімге. 
Сарылып, сағым қуып бесін келсе, 
Сағыныш сал қыларын біліппін бе? 

Ал қазір көше кезіп қаңғиды әнім, 
(Жуусыз жөңкіледі әр мейрамың) 
Дәруіш – диуаналық күй кешемін, 
Дәметіп бір көруге Жар дидарын. 

Ғаламшар – теңбіл доптай дөңгеленген, 
Құны кем у мен шудың жерде көрген. 
Бір гүлдің сабағына татымайтын 
Қыздарға ғашық боппын кеуде керген. 

Сол күні кедей түгіл бай да өкірген, 
Әліміз әлімсақта әйгі етілген. 
Маңымда Бекторылар қаптап жүрсе, 
Қараймын құбылаға қай бетіммен. 

Талқандап тал-денемді тасқын дауыл, 
Жас жүрек азғындықтың астында жүр. 
Нулы орман опынғанда опық жеген. 
Мен де бір, ұлып кеткен қасқыр да бір. 

Құлай сүю 

Толтырған жасқа көзімді, 
Беу, Орал, көне шаһарым. 
Сағынып өтем өзіңді, 
Аяқталғанша сапарым. 

Қоян-жыл ырғып қашқанда, 
Өмірге ауар өр бесін. 
Естірсің жылап басқанда, 
Жүректің әрбір пернесін. 

Қария дария Жайығым – 
Мәңгілік жасыл көктемім. 
Бір ғана болса, айыбым, 
Жағаңнан жырақ кеткенім. 

Меңдетті жанды ауыр хал, 
Сабырлы едің сен неткен. 
Толқының қандай бауырмал, 
Тоғышарды да тербеткен. 

Елеме деп ед қарағай, 
Қарабай «паналарды» да. 
Тарттым да бардым қарамай, 
Жарықтықтардың ауылына. 

Махаббат деген кәрі құс, 
Тұғырға барып қонбасам. 
Шыдатар емес сағыныш, 
Таусылар екен жол қашан.. 

Таң менен бесін арасы 

Шипасы тек сен еді деп, 
Жүрек сорлап қалмасын. 
Бақыт, бақтың керегі жоқ, 
Күн төбеден ауғасын. 

Бұлбұлдар-ай, құрғырлар-ай, 
Сайрадыңдар несіне. 
Азық емес бір күнгі арай 
Ілес өмір көшіне. 

Жалындаған жырымды алып, 
Жабықтырған шақ қанша. 
Күннің көзі күлім қағып, 
Көкжиекке батқанша. 

Сәулем өшіп қалатындай 
«Сәулем-айлап» әндетем. 
Шырағыңды жаға тұрмай... 
Түнге айналды бар мекен. 

Сол... ілкіде сұрлау өңі 
Әлі де сол сұр аспан. 
Қызықтырған қырға мені 
Қызғалдақтар гүл ашқан. 

Кеші есімде со бір күннің, 
Кеудем жанған от бірде. 
Қоңыраулы қоңыр мұңның 
Қосағы боп кеттім бе? 

Елірермін, елігермін 
Қолым жайып, Асыл Ай. 
Жылдар көші – керуен күн 
Өтіп жатыр осылай, 
Сен не дейсің, досым-ай... 

Жайық қасіреті 

Қарақшыны жасыруға құмар Ай, 
Ессіз дүние, есебін бер, бұ қалай? 
Бір кездері жынданады қарт Жайық, 
Жүректегі жарақатқа шыдамай. 

Мұны біреу жанардағы жас дей ме, 
Күллі пенде қармақ салды мас күйде. 
Жайын біткен соңғы демін бір жұтып, 
Жығылады жете алмастан Каспийге. 

Қара алтынды бағаламай шашып ек, 
Тұлпар уақыт өкінішті басып өт. 
Құстарының шырқайтыны ән емес, 
Қан аралас өзендегі қасірет. 

Жағада тұр жалқау халық күн кешіп, 
Ыңыранып ашылады мұңлы есік. 
Арал "бағы" туар болса, күні ертең, 
Менің сәулем қалатындай бірге өшіп. 

Шаттанбайды, өзгеріпті шырайлар, 
Тіпті мүлдем ұмытатын сыңай бар. 
Өлмес күнін кешіп жатқан адамдар, 
Жаннан қымбат Жайық қамын кім ойлар? 

Армандау 

Шерменде көкіректің шері небір, 
Жібір ме сауық құрса, сері көңіл. 
Ойға алып, оңашада кәдімгідей, 
Сағынар жан болсайшы мені де бір. 

Құмартпас қажет десең гүл түсін де, 
Ал өзім жуастау ем жұрт ішінде. 
Ақылды қызға ғашық ақымақпын, 
Ұрлатқан ұйқысын да, күлкісін де. 

Тоңдым ба, қарап тұрып қалтырадым, 
Жанымды жылытсаң ед, жарқын әнім. 
Күл болып шылым-ғұмыр өртенеді, 
Ала алмай жалғаншыдан жарты бағын. 

Тулайды жанарымда толқыған жас, 
Сең қылып сезімімнің сертін алғаш. 
Сандалған жүрегімнің сағынышын 
Сандырақ сайран күн де өлтіре алмас. 

Шыбын жан шөлде, неге тал қармадым, 
Ол дағы жаңғырту ма жалған дауын. 
...Ойлайды қиялымда біреу мені, 
Сол адам сен болса деп армандадым, 
Жетеді бос елеске алданғаным. 

Жайық қасіреті

 

 Қарақшыны жасыруға құмар Ай,

 Ессіз дүние, есебін бер, бұ қалай?

 Бір кездері жынданады қарт Жайық,

 Жүректегі жарақатқа шыдамай.

 

Мұны біреу жанардағы жас дей ме,

Күллі пенде қармақ салды мас күйде.

Жайын біткен соңғы демін бір жұтып,

Жығылады жете алмастан Каспийге.

 

Қара алтынды бағаламай шашып ек,

Тұлпар уақыт өкінішті басып өт.

Құстарының шырқайтыны ән емес,

Қан аралас өзендегі қасірет.

 

Жағада тұр жалқау халық күн кешіп,

Ыңыранып ашылады мұңлы есік.

Арал "бағы" туар болса, күні ертең,

Менің сәулем қалатындай бірге өшіп.

 

Шаттанбайды, өзгеріпті шырайлар,

Тіпті мүлдем ұмытатын сыңай бар.

Өлмес күнін кешіп жатқан адамдар,

Жаннан қымбат Жайық қамын кім ойлар?