19 ақп, 2019 сағат 10:00

Батыс Қазақстанда алпыстан астам автокөлік қар құрсауынан шығарылды

Батыс Қазақстан облысында алпыстан астам автокөлік қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, кеше сағат 21.00-ден бастап Тасқала ауданында Орал-Саратов, Тасқала-Аққурай, сондай-ақ Переметный-Озерный жолдарында барлығы 61 көлікке көмек көрсетілді.

Оның 38-і - жеңіл, 22-сі - жүк көліктері, біреуі - жолаушылар автобусы. Бұл көліктерде барлығы 211 адам болған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірде боранға байланысты жолдар жабылған болатын. ТЖ департаментінің хабарлауынша, барлық облыстық маңызы бар және республикалық Орал-Самара, Орал-Саратов (Переметныйдан бастап) бағытындағы жолдар әлі ашылған жоқ.