05 мау, 2020 сағат 17:55

Батыс Қазақстан облысында карантин күшейді

Батыс Қазақстан облысында карантин шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев мәлім еткендей, өңірде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты 11 мамыр күнгі қаулыға өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, адамдарға тұрғылықты жері бойынша отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынды.

Екіншіден, осы қаулыдағы қосымшада көрсетілген рұқсат етілген қызмет түрлері тізіміне енгізілмеген барлық ұйымдар мен кәсіпорындар өз қызметін қашықтан, онлайн режимде ғана атқара алады.

Үшіншіден, бұдан былай Оралда қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 12.00-ге дейін, кешкісін 17.00-21.00 аралығында қатынайды.

Төртіншіден, азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар дүйсенбі-бейсенбіде сағат 09.00-13.00-де, жұма-жексенбіде 10.00-16.00 аралығында жұмыс істейді.

Бесіншіден, мейрамхана, барларда да санитарлық талаптар сақталуы тиіс, қоғамдық тамақтану орындарында кальян пайдалануға тыйым салынады.

«Құрметті тұрғындар, сіздерден халық көп жиналатын жерлерге бармауға, жиындарға қатыспауға, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, жабық нысандарға кіргенде бетперде тағуға шақырамыз. Егер топтық жиындар кесірінен тұрғындар арасында ауру анықталса, соған жол берген адамның заңмен қарастырылған жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», деді М.Арыспаев.