05 там, 2017 сағат 20:08

Батыр баба Кейкіні білеміз бе?

Тарих беттеріне үңілсек, өткен замандардан бері «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп, азан шақырып қойған аттары қанатты сөзге айналған екі Майқы би бабаның өмірде болғанын білсек те, осы аталы сөздің нақ қайсысына қатысты айтылғаны жөнінде әлі нақтылы тұжырымға келе алмай жүргеніміз анық. Бірақ екеуінің де дана, ойшыл ғұлама болғанында дау жоқ. Сол сияқты шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі тарихта бір емес, Әбу Насырдан бөлек онымен замандас оншақты Фараби есімді ғалымның болғанын жіпке тізіп беріп жүр емес пе?! Мұндай мысалдар хандардың да, батырлар мен билердің де арасында жиі кездесіп жататыны шындық. Тек ерекшелігі, олардың ел ішінде насихатталуы ғана әрқалай болып келетіндіктен, жалпы халық біле бермейді. Ал әр өңірдегі жергілікті халық аңыз етіп айтқанмен, кешегінің құймақұлақ қариялары келместің көшіне ілесіп, қатары сиреп, көзден бұлбұл ұшқан сайын, артында іздеушісі, жоқтаушысы жоқтарының есімдері көп жағдайда ел жадынан жоғала бастайтынын несін жасырайық.

Міне, сондай батыр бабалары­мыздың бірі Кейкі Ниязұлы Рыспанбет туралы да осыны айтуға болады. Түбі Арқаны жаз жайлап, Сырды қыс қыстаған қыпшақ руынан шыққан Кейкі батыр күні кешеге дейін Торғай мен Жетісудың тел перзенті саналып, екі жақтың да атын айбар тұтар мақтанышына айналып келгені ақиқат. ХVIII ғасырдың соңы мен ХIХ ғасырдың 40-шы жылдары шамасында (1766 – 1842) өмір сүрген Кейкінің ерлігін ел аңызға айналдырып, атағы дәуірлеп тұрған кезеңде Торғай топырағында дүниеге (1871) келіп, қаршадайынан қайтпас қайсарлығымен көзге түскен атақты мерген, Амангелді батырдың қандыкөйлек серігі, қыпшақ Нұрмағамбет Көкем­байұлының жасынан Кейкі атанып, тарихта солай таңбаланып ке­туінің астарында да сол рулас батыр атаның абырой-беделі жатса керек. Мұндай пікірді 2000-жылдардың басында тор­ғайлық қаламгер, өмірінің кейінгі кезеңінде зерттеушілікке ден қойып, қыруар іс тындырған сати­рик ағамыз Сейіт Кенжеах­метұлының да аузынан естігеніміз бар еді.

Ал Кейкінің арғы бабасы, үш ғасырға созылған қазақ-жоң­ғар соғысының орта бөлігін­дегі, атап айтқанда, ХVII ғасырда­ғы халқымызды «ақтабан шұбы­рындыға» ұшыратқан ұрыс­тарында халқына қалқан болған атақты Ақбай батырдың әу бас­та Жетісуға баруының тарихын әркім әртүрлі баяндап жүр. Осы арада түрлі жорамалдың ішінде жоңғар шапқыншылығы заманында билеріміздің күллі қазақ даласына ат шаптырып, ел шетін қорғар батыр ұлдарын шақыруымен Жетісу жеріне келіп тұрақтап қалуы шындыққа анағұрлым жанасатын сыңайлы. Себебі, өзінен кейінірек Бектемір ағасының үлкен ұлы Қарабай батырдың да жанына серік болып келіп, осында ұрпақ өрбітіп қалып қоюы тектен-тек болмаса керек. Кейін патша өкіметі өздеріне бодан болған қазақтарды «бөлшекте де билей бер» саясатымен уез-уезге, болыс-болысқа бөліп, бір-бірімен қатынасын үзіп тастауы салдарынан Арқа мен Сырдың арасында еркін көшіп-қонып жүрген қыпшақтардың бір бөлігі де Сыр бойында қалып қояды.

Бірақ ХIХ ғасырдың орта ше­нінде батырдың Торғай өңірінде қал­ған жақын туыстарының Же­тісудағы ағайындарын сағалап дүркірей көшіп кетуі Кейкі туралы аңыздардың да ауыздан-ауызға тарағанымен, шын жанашырлары қалмағандықтан көне көздердің өмір көшімен бірге бірте-бірте саябырсып, кейінірек енді олардың да көзін көргендер түгілі, содан бері үш-төрт ұрпақ алмасып та үлгергендіктен ұмы­ты­ла бастауын да заңдылық дер едік. Өйткені, жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның құры­ғында қылғынып, халқымыздың өткені туралы жұмған аузымызды ашпай келген біздің енді өмірі атын естіп-білмеген қаншама батыр бабаларымыз бен билерімізді, көсемдеріміз бен шешендерімізді тарих қойнауларынан аршып алып, рухын тірілтіп, аруа­ғын әспеттеп, атақ-даңқын жаң­ғыр­тып жатқанымыз да осы бүгін­гі тәуелсіздігіміздің арқасы екен­дігіне бір тәубе етіп қойсақ та артық болмас.

Десек те өмірінің негізгі бө­лігін Жетісуда өткізіп, қазақ-жоңғар соғысына негізгі нүктені қойып, халқымыздың тағдырын біржола шешіп берген Аңырақай шайқасында тас-талқан болып жеңіліп, батысқа қарай жөңкіле қашқан қалмақтардың әлі де ел ішінде қалып, ара-тұра тыныш жатқан халыққа бүйірден келіп тиісуін тоқтатпаған сар­қын­­шақтарының жымысқы жо­рықтарына тойтарыс беріп, жанкештілік ерлік танытқан Кей­кінің жасағы өз туыстарымен қатар, негізінен жергілікті найман тайпаларының өкілдерінен құралған еді. Ал қалмақтардың бұлай құтырынуының себеп-салдарына келсек, сол Аңырақай шайқасынан бері арада біраз жылдар өткеннен кейін баяғы қуатты әскер сапындағы қазақ сарбаздарының ауыл-ауылдарына тарап, атақты батырларының өмірден өткендігін, тірілерінің қар­тайып, өз жөндеріне кеткен­дігін пайдаланып, зорлық-зом­бы­лық пен қоқан-лоқыға көш­кендегі әрекеттері болатын. Бұл қазақтар шешуші шайқаста жоң­ғарларды ес жиғызбастай ойсы­рата жеңгенімен, мұнымен іс біт­пей, ел шетіне толық тыныштық орнамағанының дәлелі еді.

Оның үстіне Қытай өкіметі де екі халықтың арасына от салып, шапқа түртуін тоқтатпақ түгіл, қайта өршіте түскен. Міне, осындай сұрқия саясаттың айла-шар­ғысын арқаланып, көрші ауыл­дардың малын барымталап, қыздарын күңдікке алып кетіп, елді күйзеліске ұшыратқан аласапыран кезеңдерде күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, хал­қына қорған бола білген Кейкі батыр ауыл-аймақтың кеуде­сінде намысы, жүрегінде оты, бойында қайраты, жүзінде ай­баты бар азаматтарынан құр­ған жасағымен жұртының бей­біт өмірінің шырқын бұзып ала­сұрған жау сілімтіктеріне атой салып, үй-орман, түп-тұқия­нымен көз көрмес, құлақ есті­мес қиян-түкпірлерге түре қуып тастап отырған. Жоңғар бас­қын­шылары жұрнақтарының әйгі­лі Аңырақай шайқасындағы түпкілікті жеңілісінен кейін де енді құм-құмның арасында отыр­ған шағын ауылдарға топ-тобы­мен тұтқиылдан келіп түн ұйқысын төрт бөлген шабуылдарына елдің әр аймағындағы қазақтың Кейкі сынды батырлары бастаған сайыпқыран сарбаздары тойтарыс беріп қана қоймай, оларды ығыстыра-ығыстыра өздерінің атақоныстарынан да бездіріп, теңіздің арғы жағынан тұрақ табуына мәжбүр еткенін де тарихтан жақсы білеміз.

Кейбір деректер Кейкі батыр отыз жасында өз жасағымен Жетісудан әрі асып, Алтай өңіріндегі қандастарына барып, сол қарсаңда қазақ-моңғол арасында болған қақтығыстарға да қатысып, екі жақты мәмілеге келтіруге атсалысқандардың ішінде болғанын да айтады. Ал Кейкі батырдың ХIХ ғасырдың басында Торғай өңіріндегі туыс­тарына айналып соғып, мұнда келген соң да қарап жата алмай, негізінен осы топырақтағы қыпшақ ағайындары қатарынан жаңа жасақ құрып, сол Алтайдан батысқа қарай бас сауғалай жылжи отырып, жолындағы қазақ ауылдарының малын тонап, дүние-мүлкін олжалап, қырғидай тиген жоңғарларға қарсы ұрыс ашып, Ырғыздан да әрі асырып, қазақ жерінен мүлдем қуып тастағанша тыным таппаса керек. Сөйтіп, заманында Торғай даласының тыныштығын күзетуге де ерен ерлігімен үлес қосқан Кейкі атағы көпке дейін ел аузынан түспеуі ырымшыл қазақтың Амангелді Имановтың батыр серігі Нұрмағамбет Кө­кем­байұлын Кейкі батыр атап кетуіне осылайша ықпал-әсері тигенін жазып жүрген кейбір ав­тор­лардың тұжырымдарын да жоққа шығаруға болмас деген ойдамыз.

Осылайша елуден асқанша жортуылда болған Кейкі батыр ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары Торғайдағы жеті-сегіз үй аталас ағайындарымен бірге Жетісуға қайта оралып, мұндағы кезекті жорықтарында інісі Құдастың немересі, сол кездің өзінде, он бес-он алты жасында-ақ бойындағы буырқанған бұла күшімен, қайт­пас қайсарлығымен көзге түсіп, батыр бала атана бастаған Сыр­лыбайды жанына ертіп алатын болған. Қалмақтардың тұт­қиылдан келіп тиісіп, көрші ауыл­ды аласапыранға түсірген сондай бір шабуылын естіген бойда іле іздерімен қаншама бел асып, соңдарынан қуып жетіп, жорықшыларын жайратып салып, барымтаға ұшыраған малы мен дүние-мүлкін қайтарып, қарақшы топ басшысының бойжеткен қызы мен бозбала ұлын тұтқынға алып келе жатып, жол-жөнекей кезіккен қыстаулардың біріне қонады. Таң бозында жылқылардың кісінеген дауысынан оқыс оянған бұлар әлгі екі тұтқынның бұғаудан босанып, екі атты мініп қашып үлгергендерін бір-ақ біледі.

Бұлар өзара ақылдасып, енді не істейміз дегенше Сырлыбай әй-шайға қарамай, өз атына секіріп мінген күйі соңдарынан құйғытып ала жөнеледі. «Қап, мына бәтшағар бірдеңеге ұрынып жүрмесе болар еді?!» деп санын бір-ақ соққан Кейкі батыр мен оның серіктері амалсыз атқа қамшы басады. Әлден уа­қыт­та барып қозыкөш жер ұзаған қуғыншының қарасы көрі­ніп, жандарына келгенде Сыр­лы­байдың әлгі тұтқын жігітті қуып жетіп, сайысып жеңгенімен қоймай, тамағынан бауыздап, қос қолына ағызған қанын сораптап ішіп отырғанын көріп тіксініп қалған Кейкі: «Әй, иттің баласы, не істеп отырсың сен?!» деп дүрсе қоя бергенде, анау басын көтеріп бұған қарағанда оның көздері қанталап кеткен екен дейді. Кейін Кейкінің өзі: «Апырай, өмірі ешкімнен ықпаушы едім, Сырлыбайдың көздерінен шошыдым ғой», депті дейтін қариялар.

Сол сапар Кейкінің соңғы жорығы болған сыңайлы. Осы көріністен кейін ауылға оралған Кейкі белдігін қылышымен бірге Сырлыбайға шешіп беріп тұрып: «Мен осымен тоқтадым», депті де найзасын босағаға іліп, тақуалық жолға түскен екен. Ал өздерімен ала келген қалмақ қызы Бадма Кейкінің алдына қос тізерлей отыра кетіп, басын иіп тұрып: «Ата, менің көкірегімде сіздерге деген ешқандай өшпен­ділік жоқ. Менің әкем де талай жанның қанын мойнына жүк­теді. Ақыры не болды, өзінің де, ұлының да түбіне жетті. Анам бай­ғұс дана екен: «Кісіге қиянат жасаған жақсылыққа апармайды», деп отырушы еді, сол сөзінің төркінін бүгін түсіндім. Мені бала­ларыңыздың біріне қосыңыз, өті­немін. Ұрпағыңызды өрбітіп, адал келініңіз болуға құдай алдын­да ант етемін», деп көз жасын көлдетіп, аяғына жығылыпты дейді.

Қалмақ қызының ақылды­лығы мен адалдығына тәнті бол­ған Кейкі: «Тұр, қызым, жақ­сы айттың, сенің де жазығың жоқ. Сөзіңе имандай сендім. Тілегің болсын!» деп сол жерде ағайынның баласының біріне қосып тұрып, ауылдастарына: «Бәрің де өз қыздарыңдай көріп, сый-құрмет көрсетіңдер, бетіне келмейтін болыңдар», деп ақ батасын берген көрінеді. Сол Бадма анадан өрген ұрпақ бұл күнде бір қауым елге айналыпты деседі. Иә, орайы келгенде ежелден қоңсылас отырған қазақ пен қалмақ арасында тек жаугершілік пен атыс-шабыс қана емес, достық, ағайынгершілік пен қыз алысып-қыз беріскен құдандалы-жегжаттық ізгі қарым-қатынастар болғанын да айту парыз. Мысалы, Ержан Ахметов нұсқасындағы «Арқалық батыр» жырында сөз болатын Арқалық пен қалмақтың Қоңқа, Әбзейіт Мәлікеұлы нұсқасындағы «Ер Әжібай» жырында айтылатын Әжібай мен қалмақтың Қора батырлары арасындағы достықтары осының бір ғана дәлелдері. Тізе берсек, қазақ пен қалмақ арасында төскейде малы, төсекте басы қосылып, ынтымағы жарасқан мұндай мысалдар көп-ақ.

Бірде «ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалумен» қоштасып, ата қанымен бойға дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан емшілік қасиетін ұстануға бір­жола бет бұрған Кейкі күн­шілік жердегі нағашы жұрты матай наймандардың атақты бір биі­нің асына келе жатып, жол-жөнекей бір жонның етегінде оқшау тұрған жалғыз қараша үйді көріп, жанындағыларға: «Мұнда бір мүсәпір әл үстінде жатыр екен. Үстінен аттап кеткеніміз күнә болар, кәне, жүріңдер», деп аттан түсіп, ішке енсе, көш­тен жырылып қалған бір қал­мақтың отбасы екен. Үй иесі орта жастағы отағасы тыныс ала алмай қырылдап, әйелі мен үйелмелі-сүйелмелі төрт-бес жас баласы не істерлерін біл­мей үрпиісіп, бір уыс болып отыр­ғанының үстінен шығады. Төтен­нен кіріп келген бұларды көрген олар одан сайын зәрелері ұшып, бір-біріне тығыла түскен.

Осы сәт батырдың жанындағы Жәдік інісі: «Кейкі аға, бұл…» дей бергені сол, әлгі сырқат байғұс Кейкінің атын естігеннен көзі алайып, аузын ашуға да шамасы келмей, сылқ етіп есінен танып қалады. Мұны қалт жібермеген Кейкі оған:«Тарт тіліңді, өй, бар болғыр! Қалмақ біткеннің бәрін жау санағанды қойыңдар енді. Бұл бейшараның не кінәсі бар?» деп айқай салып, содан соң әлгінің әйеліне: «Кәне, келін, маған бір шүберекті жылы суға малып әкеле ғой», дейді де өзінің ем-домына кірісіп кетеді. Әлден соң есін жиып, ма­на­ғы қырылы да басылып, өзін жақсы сезіне бастаған қал­мақ ештеңенің мәнісін түсін­бей, аяғының ұшынан басып, дастарқан жайып жүрген әйеліне бір, жанында өзіне төніп отырған Кейкіге бір аңырайып қарайды. Кейкі: «Уайымдама, әлі-ақ жақсы болып, сауығып кетесің. Мен Ал­ла жазса қайтарда тағы бір келіп, ем жасаймын. Әзірге мынаны іше тұр», деп соңғы кез­дері үнемі жанынан тастамайтын дәрі қалтасынан үш-төрт түйір өсімдік дәнін беріп, содан соң дастар­қандағы нанның шетінен сын­дырып, дәм ауыз тиеді де, серік­терімен бірге асығыс аттанып кетеді.

Жолда келе жатып үшінші ұлы Жаманқұл: «Әке, көріпкелдігіңіз бен емшілігіңіздің пайдасын бәрімізден бұрын сіз мүсәпір санаған әлгі қалмақ көрді ғой. Атын кім, Мәнжі деп пе еді. Ертең сол Мәнжіңіз сауығып, әл­де­ніп алған соң ту сыртымыздан тап беріп, топалаңымызды шыға­рып жүрмес пе екен?», деген күдігін де бүкпесіз жайып салған­да, Кейкі тұрып: «Балам, бұл ойың да дұрыс шығар. Бірақ қара­пайым халықта тұрған не бар. Кез келген адамның бәрін жау санай берсек, қалай ел бола­мыз? «Таспен атқанды аспен ат» деп айтқан да атаң қазақ емес пе? Бұлар да адамның баласы ғой. Жақсылық жасасаң, оны түсін­бейтін пенде болмайды. Ертең сол жақсылығың алдыңнан шыға­тынын ұмытпа», деп бұл әңгіме­нің нүктесін қойғанда, бәрі де уәжді сөзге ләм демей, үнсіз ойға қалған.

Шынында, астан қайтар жолында берген уәдесінде тұрған Кейкі әлгі қалмақтың үйіне тағы да соғады. Ат дүбірін естіп, қараша үйден кімнің келгенін іштей сезген, орнынан тұрып, жүруге жарап қалған Мәнжінің өзі, қалбалақтап әйелі мен оларға ілесе шұбырып, әкелерінің аман қалғанына қуанғанынан екі езулері құлақтарына жеткен балалары да бірге шығады. Дастарқан үстінде Мәнжі: «Кейкі аға, сіз үйге алғаш кіріп келгенде онсыз да өлім халінде жатқан менің құ­дайдан: тек балаларымның кө­зінше өлтірмесе екен деген бір-ақ тілегім болып еді. Бірақ сіз маған өлім емес, ажал аузынан аман алып қалып, өмір сыйладыңыз. Сон­дықтан мен енді сізге өмір бойы қызмет етіп, құлыңыз бо­луға дайынмын. Тек бізді тастап кете көрмеңіз, бүкіл отбасымыз болып өтінеміз», деп құлдық ұрып тұрып алады.

Мына көрініске жүрегі тол­қып кеткен батыр: «Сендер не дей­сіңдер?» деп інісі Жәдік пен ұлы Жаманқұлға қарайды. Оқыс жағдайдан қапелімде абды­рап қалған олар: «Сіз не айт­саңыз, сол болады, қай шеші­міңізге де біз келісеміз», деп сал­мақты өзіне салады. «Олай болса, – дейді Кейкі аз ойланып барып, – осы сәттен бас­тап мына Мәнжі мен Кермен келінді қызметшілеріміз демей, бауырларымыз деп есептейтін болыңдар», деп олардың азын-аулақ дүние-мүлкін түйеге артып, өздерін бала-шағасымен қосып бірге ала кетеді. Сөйтіп, ауылға келген бойда аймақтағы күллі ағайынды жиып, той жасап, елге ел қосылғанын көпке жариялап, Мәнжі шаңырағына енші бөліп беріп, жеке отау ғып шығарады. Сол Мәнжі әулетінен тараған ұрпақтардың қазақтар арасына сіңіп, мидай араласқан тармақтары өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін осы Үшарал өңірінде болып, кейін әр тарапқа қоныс аударып кеткен көрінеді. Қалай десек те бұдан біз Кейкі Ниязұлы Рыспанбеттің жаудан беті қайтпаған батыр ғана емес, елдің бірлігін ойла­ған, ұлттардың ынтымағын ұйыс­тырған өз заманының саясаткері де, халқының қамын көздеген, аймағына әйгілі көріпкел-емшісі де болғанына анық көз жеткіземіз.

Алматы облысы, Алакөл ауданының Қызылащы ауылы іргесіндегі ұзыннан ұзақ созылып жатқан биік жоталардың бірінің күні бүгінге дейін Ақбай батыр жотасы атанып келуінің астарында да талай сырдың жатқаны анық. Кешегі 90-шы жылдардың орта шенінде Қызылащыға жол түскен бір сапарымызда Кейкінің інісі, оның жасағының бір сарбазы атанған Құдас ұрпақтары батырдың әкесі Нияз бен атасы Рыспанбет те, осындағы найман ағайындардың көпшілігінің аталары да сол атақты Аңырақай шайқасына қатысқан батыр сарбаздардың сапында болғанын мақтаныш ете отырып айтқан. Сол сапарымызда Алматы – Өскемен тас жолы жиегіндегі Кейкі батыр есімімен аталатын үлкен жо­та­ның да төбесіне шықтық. Жотаның етегінен жоғары қарай өрлей бастағанымызда, сонадайдан төбеде жерге тік шаншылып тұрған үлкен қайрақ тас көзімізге бірден шалынған. Жанына көте­ріліп барғанымызда, оның маңа­й­ын­да ұсақ қиыршық тастармен көмкерілген кішкентай-кішкен­тай бірнеше төбешікті де көрдік.

«Кейкі бабамыздың зираты осы. Батыр өз өсиеті бойынша мына қайрақ тастың астында жатыр. Ал мына төбешіктер оның сарбаздарының өзінен кейін өмірден өткен бір бөлігінің қабірлері. Олар да өздерінің ұр­пақ­тарына өсиет етуімен осында жерленген. Мұнда басқа мүрде жоқ…», деген жолбасшымыз сөз орайында Кейкінің тек батыр ғана емес, әйгілі Райымбек батыр баба тәрізді кісі дертінің дауасын дөп басатын, емшілігімен еліне танылған тәуіп, бойына алдағыны болжай білетін қа­сиет қонған көріпкел-әулиелігі бар ерекше жаратылған жан бол­ғанын да тілге тиек еткен. Сол өңірдегі екпінділік шежіреші қарт Нұрғизат Шәкерұлы ағамыз да талай сырдың тиегін ағытқан.

Бүгінде батыр жерленген қайрақ тастың орнында жер­лестері мен ұрпақтары орнатқан мәрмәр монумент тас тұр. Онда:

«Қалқаны болдың қазақтың,

Арманың еді азат күн.

Арайлап атты нұр таңың,

Тәу етер, баба, ұрпағың!» – деген жыр жолдары тасқа ойылып жазылған. Иә, бұл биыл туғанына 250 жыл толғалы отырған батыр рухына мәңгілік тағзымның бас­тамасы ғана. 2011 жылдың жазында сазгер Өмірзақ Оспановтың ақын қарындасымыз Маржан Есжанованың сөзіне жазылған «Кейкі – батыр бабамыз» атты әні эфирден шырқалып, кейін бұл әнге әнші Аман Төренің орындауында арнайы бейнебаян да түсірілген. Осы ән мәтініндегі:

«Зар заманда даламды

бұлт торлаған,

Туған жерге қалқан болған

өр бабам.

Сүйем жерін қазағымның

қастерлеп,

Қарыс жерін қаныменен

қорғаған.

…Кейкі баба шындығын,

Жар салатын күн бүгін.

Ту көтерген қазақтың,

Ынтымақ пен бірлігін…» – деген жолдар біздің баршамызды елдік пен ерлікке үндеп тұрғандай.

Суретті салған Әбілқасым СӘРСЕНБАЕВ