12 сәу, 2019 сағат 15:16

Баталов қоғамдық палата мүшелерімен кездесті

Бүгін Алматы облысы әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының Қоғамдық палатасы мүшелерімен кездесті. Кездесуге палатаның 20-ға жуық мүшесі қатысты. Күн тәртібінде облыс орталығын дамыту мәселесі сөз болды.

Амандық Баталов алдымен облыста атқарылып жатқан істерге тоқталып, болашақтағы жоспарлармен бөлісті:

- Сіздер менімен кездесіп, Талдықорғанды дамыту мәселелері бойынша пікірлесуді қалаған екенсіздер. Сондықтан мен ең алдымен облыста атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырып өтейін. Мына арнайы құрылған стендтер мен макеттерде облысты дамытудың негізгі бағыттары мен облыс орталығын одан әрі өркендету жоспары көрсетілген. Облыстың көрсеткіштері барлық салада жылдан жылға артып келе жатқанын сіздерге нық сеніммен көрсете аламын. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі өсіп, жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі өткен жылы 50%-ке жетті. Қант қызылшасын өсіруді белсенді дамытып, ақ қант шығару ісін жолға қойдық. Инфрақұрылымға көп көңіл бөлдік. Соның арқасында, мәселен, өткен жылы Алакөл көліне миллионнан астам турист келді. Әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырмаймыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес биылғы жылы көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға арнайы Әлеуметтік карта жасадық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бірқатар маңызды нысандар салынуда. Олардың қатарында Талдықорғанда құрылысы басталған олимпиядалық жүзу бассейні бар. Облыс орталығы туралы айтсам, оның дамуына ерекше көңіл бөліп келеміз. Тек биылғы жылдың өзінде 74 аула алаңдарын абаттандырудың ЖСҚ-лары жасалды, олардың 48-іне қазірдің өзінде қаржы бөлінді. Бірнеше жыл бойы салынбай тоқтап қалған қонақ үй ғимаратының орнына жатақхана салынатын болады, жатақхана аумағын Жеңіс саябағымен қосып көркейтеміз. Қабанбай батыр көшесіне де абаттандыру жасалады. Әрине, кемшіліктер де бар. Қаланы газдандыру баяу жүріп жатыр. Міне, осы мәселемен түбегейлі айналысуды мен бүгін тағайындалған қаланың жаңа әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа тапсырдым. Біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Сіздер сөзбен де, іспен де бізге көмек жасайсыздар деп сенемін. Біз сіздердің туған өлкенің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық белсенділіктеріңізді бағалаймыз, - деді А.Баталов.

Өз кезегінде Талдықорған қаласы Қоғамдық палатасының мүшелері кәсіпкерлерді қолдау, ауылдық жерлерде бизнесті дамытуға микрокредиттер және әлеуметтік алу көмек алу сияқты мәселелерді көтерді. Сол сияқты қатысушылар газдандыру ісін бақылау мақсатында әкімдік өкілдерімен қаланы аралауға бірге шығуға уағдаласты.