30 нау, 2017 сағат 15:49

Баталов аудан әкіміне: Жағдай қайталанса, өзің күзетші боласың (Видео)

Алматы облысында аудан әкімі күзетші болуы мүмкін. Бүгін Амандық Баталов Ақсу ауданының әкіміне осындай ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Себебі, «Ақсу қант зауытын» ұрылар тонап жатыр. Ал аталған нысанда күзетші қойылмағанға ұқсайды. 

«Маған зауыттың заттарын ұрлап жатыр деді. Неге күзет қоймайсың? Сол жерде жүріп неге бақыламайсың?! Егер осындай жағдай қайталанатын болса, өзің сол жерде күзетші боласың», - деді Амандық Баталов.

Өңір басшысының қатаң сынына ұшыраған Әділбек Далбағаев аталған зауытта күзетші бар екенін айтып ақталды.   

Бұл Ақсу ауданының әкіміне айтылып отырған алғашқы сын емес. Өңір басшысының ескертуіне жиі ұшырайтын әкімдердің арасында Әділбек Далбағаев көш бастап тұр.

Айта кету керек, бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған «Ақсу» қант зауытын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған нысан биыл алғашқы өнімін қабылдауды жоспарлап отыр.