26 мам, 2020 сағат 15:54

Бассейндер мен фитнес залдар қандай жағдайда ашылады?

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова бассейндер мен аквапарктердің, SPA орталықтар мен фитнес залдардың қандай жағдайда ашылатынын түсіндірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Карантин шараларын жеңілдетуді ауру деңгейіне қарай кезең-кезеңімен жүргіземіз. Аталған нысандар ауру деңгейі 2 пайызға түскенде ғана ашылады. Қазір болжам айту қиын. Карантин шараларын қалай сақтасақ, нысандар да солай ашылады», - деді спикер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігер санитарлық нормаларды бұзғандарға қандай шара қолданылатынын айтты.

«Қолданыстағы заңнама, яғни Кәсіпкерлік кодексі эпидемия қаупі болғанда жоспардан тыс тексеру жүргізуге рұқсат береді. Санитарлық нормалар мен талаптарды орындамайтындарға Әкімшілік кодекстің 462-бабында (Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді А. Есмағамбетова.

Бұған дейін бас санитарлық дәрігер Қазақстан әуежайларында өзге елде жүргізілген ПТР тестінің нәтижесі қабылданатынын хабарлаған еді.