08 мам, 2018 сағат 15:31

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5 наурыздағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған бес әлеуметтік бастаманың алғашқы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағытын іске асыру елімізде ипотекалық несиелендіру нарығын, құрылыс саласын дамытуға, тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға кең тыныс, соны серпін бермек.

Соңғы жылдары елімізде халық­тың тұрғын үй жағдайын жақсарту, баспана алу мүмкін­діктерін кеңейту мақса­тында қа­былданған мемлекеттік бағдар­ламалар аясында едәуір жұмыс атқарылды. Дегенмен бүгінде көптеген отбасылардың баспанасыз болуы бұл салада әлі де шешуін күткен жәйттердің бар екенін көрсетеді.

Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде әлеуметтік маңызы зор бұл мәселенің шешімін тұрғын үй ипотекасын қалың бұқараға кеңінен, барынша қолжетімді ету арқылы табу үшін барлық жағдайды жасау керектігін атап көрсетті. Осы мақсатта «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынып, оның негізгі шарттарын да өзі белгілеп берді. Атап айтқанда, жұмыс істейтін әрбір адам қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бастапқы жарнаның көлемі 20 проценттен аспауы және ай сайынғы төлемді азайту үшін 10-15 емес, 25 жылға берілуі шарт. «Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде бір триллион теңге қаржы тартатын арнайы компанияны құруы, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет», – деп нақ­тылады миллиондаған қазақ­стан­дықтар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттыру шараларын Н.Назарбаев.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жарияланғаннан кейін ауқымды іске бел шеше кіріскен үкімет белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың Жол картасын жасап, сейсенбідегі отырыста талқыға салды.

Үкімет отырысында «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастама­сы» аясында қолға алынған көпшілік үшін тұрғын үй ипотекасы­ның қолжетімділігін арттыруға бағыт­тал­ған «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктері» бағ­дар­ламасына қа­тысты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Ол елімізде екі мыңыншы жылдардан бастап тұрғын үй құ­рылысын ұзақ мерзімді қаржы­лан­дыруды ынта­ландыру және ипотекалық кре­диттеу жүйесін дамытудың түрлі тәсілдері қолда­нылғанын айта келіп, жаңа бағ­дар­ламаны әзірлеу барысында ең алдымен өткен тәжірибеге көңіл аудару қажет­тігіне тоқталды. «Мә­селен, 2000 жылдары іске қосыл­ған ипотекалық кредиттерді се­кью­ритилендіру жүйесі.

Бұл төлем қабілетіне сұраныс қазіргіден көп төмен болған жылдары ипотекалық кредиттеуді дамытуға нақты түрткі болды. Сондай-ақ іске қосылған тұрғын үй құрылыс жинақ ақша жүйесі де өзінің өміршеңдігін дәлелдеді», – деді Д.Ақышев.

Соңғы жылдары ипотека мен тұрғын үйдің құнын арзан­датуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылуда. Жаңа бастама аясында халықпен жұмыс істеу барысында қолданыстағы қаржы ин­фрақұрылымының мүмкіндік­терін пайдалануға назар аудару қажеттігін атап өткен Д.Ақышев: «Банктердің ғана халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екені және ипотекалық кредиттеу бойынша жаппай қызметтер көрсете алатыны анық. Бұл болашақ бағдарламаның барынша қамтылуын қамтамасыз етеді. Сондықтан Ұлттық банк өткен жылдардың неғұрлым сәтті тәжірибесін пайдалана отырып, Мемлекет басшысы белгілеген шарттар негізінде «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосады: несие жылдық 7%-пен, 20%-тік бастапқы жарнамен 25 жылға беріледі. Ең бастысы, ипотекалық кредиттерді секьюритилендірудің міндетті тетігімен екінші дең­гейдегі банктер арқылы ипоте­калық кредиттеудің нарық­тық қағидаттарын пайдалану», – деді.

Бас банкир сондай-ақ жылжымайтын мүлік бағасының құлдырауымен қатар қарыз алушылардың кредиттік тәуекелін жете бағаламау нәтижесінде ипо­те­калық қарыз алушыларды, әсіресе халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қорғау қажеттілігіне әкеп соққан жағымсыз тәжірибені ескеру қажет­тігін атап өтті.

Қалың көпшіліктің тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған жаңа ипотекалық бағдарламаны әзірлеуге кіріскен еліміздің бас банкі «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін» іске асырудың дайындық кезеңдерін айқындады. Ол негізгі төрт кезеңнен тұрады. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев он үшінші наурызда өткен үкімет отырысында айтып берді, деп хабарлайды қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі. Ол бірінші кезеңді іске асырған кезде банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша іске қоса отырып, ипотекалық кредиттердің секьюритилендіру тетігін қалпына келтіру қажет екендігін атап өтті.

Президенттің бірінші бастамасына орай қолға алынған «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін жаңа ұйым құрылады. Осы ретте Д.Ақышев жақын арада Ұлттық банк басқармасы 100%-тік еншілес арнайы компания – бағдарламаның операторын құру мәселесін қарайтындығын айтты. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық банктің қаражаты есебінен қалыптасатын болады. Капитал компанияға 7-20-25 формуласы бойынша ипотекалық кредиттерді сатып алу рәсімін іске қосу үшін нарықтық талаптармен қаржы нарығынан қаражат тартуға қажет. Бұл – секьюритилендіру тетігі.

Екінші кезең – бағдарламаны тиімді іске асыру үшін осы компанияны қаржы агенттігінің тануы. «Бұл компанияның облигациялары үшін мемлекеттік бағалы қағаздарға салғандай салық салуды білдіреді. Қажетті заңнамалық түзетулерді Ұлттық банк Үкіметтің қарауына наурызда жібереді», – деді Д.Ақышев.

Үшінші кезең әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қолжетімді ететін мемлекеттің теңдессіз қадамы болып табылатындығымен сипатталады. Алайда, бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. «Бағдарламаның қаржылық жағы болашақ қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін талап етеді. Бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қазіргі кезде банктермен өлшемшарттар пысықталуда. Мысалы, тұрғын үйдің құны 7 млн теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жұмыс істейтін қазақстандықтардың көпшілігі үшін қолайлы. Тұрғын үй құны әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша баспана құны сараланатын болады», – деді бас банкир.

– Төртінші кезең жеңілдік берілген ипотекалық кредиттер толығымен қамтамасыз етілген және түгел қайтарымды болуға тиіс екендігін білдіреді, – деді Д.Ақышев. – Осы ретте соңғы жылдары енгізілген, ипотекалық кредит беруді тартымды етпеген кейбір нормаларды қайта қарау қажет. Сондай-ақ Ұлттық банк қажетті заңнамалық түзетулерді Үкіметтің қарауына жібереді.

Бағдарламаның аталған өл­шем­дері алдын ала жасалған­дығын, сон­дықтан бұл мәселенің әлі де мүд­делі мемлекеттік органдармен және банктермен талқыланатынын айта келіп, Данияр Ақышев: «Сонымен қатар өңірлерде халықты тұрғын үймен қамтуды арттыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың пікірлері мен мүдделерін ескеру де маңызды. Осы жағдайларда Қазақстан Республикасы Прези­дентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі жол картасында белгіленген іс-шаралар мен іске асыру мерзімдерін біз заңнамалық түзетулер уақтылы іске асырылған жағдайда қолдаймыз», – деп атап өтті.

Елбасының баспананың ха­лыққа жаппай қолжетімді болуын қамтамасыз етуді көздеген бастамасы қоғамның көңілінен шыққаны даусыз. Қазіргі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлық ипотеканың басым бөлігін алып отырғанын және арзан ипотеканы күткен халық қарасының көптігін ескерсек, нарыққа жаңа компанияның келуімен бәсеке қыза түспек. Нәтижесінде тұрғын үй құрылысы саласында да, ипотекалық нарықта да бәсеке қызып, қалың көпшілік бағасы қолайлы, сапасы жақсы баспанаға қол жеткізер күн алыс болмас деп үміттенеміз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА