11 қаз, 2018 сағат 10:34

Бас судья артық жұмыстан арылуды ұсынды

ҚР Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов артық жұмысты қысқартып, соттарға тек прокуратура арқылы ғана жүгінуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас судьяның айтуынша, бүгінде бизнесті басқару технологияларын мемлекеттік органдарға енгізуге әбден болады. Сөйтіп, жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде «New Public Management» парадигмасы 80-ші жылдары енгізілді. «Брайан Трейси топ менеджерлер арасындағы бір сауалнаманың нәтижесін жариялады. Онда бір ғана сұрақ болды. Табысты жұмыстың басты құпиясы неде? Барлығы бірдей жауап берді. Табысты жұмыстың құпиясы - нақты әрі нәтижесі бар өнімдерге басымдық беру. Сол сияқты танымал Стив Джобс 1996 жылы «Apple» компаниясына қайтып келгенде, ең алдымен, қажетсіз өнімдердің 70 процентін қысқартып тастады. Сөйтіп, қалған 30 процентке күш салды. Соның нәтижесінде брендке айналған өнімдер шықты. Сол кезде Стив Джобстың айтқан бір сөзі бар, «Сіздер дарынды мамансыздар, бос нәрсеге уақыт кетірудің қажеті жоқ!». Осыдан кейін 4-ақ өнімді қалдырып, соның негізінде жаһандық компания құрып алды», - деді Ж.Асанов.

Осы орайда Жоғарғы сот төрағасы танымал бизнес кеңесші Джим Коллинздің бір сөзін де еске алды. Американдық жазушының сөзіне қарағанда, табысты компаниялар дер кезінде қажетсіз нәрседен бас тарта білді. Ал ондай процесті «ескі-құсқы нәрседен құтылу» деп атайды. «Біз сот жүйесінде де артық жұмыспен айналысамыз. Судьялардың жүктемесі тым көп. Сотқа кез келген материалды ала береміз. Сот төрелігіне жата ма, жоқ па, оған көңіл бөлмейміз», - деп атап көрсетті Ж.Асанов.

Бас судьяның айтуынша, судьялар тек дау-дамайлары бар істерді ғана қарауы қажет. Әйтпесе, бүгінде барлық материалдардың 70 процентінде дау-дамай жоқ, яғни жауапқа тартылатындар арыз берушілердің шағымына қарсылық білдірмейді. Мәселен, тұрғын үй коммуналдық қарыздарды өндіруге қатысты ешқандай дау-дамай туындамайды. Себебі қарыз болып қалған адам өз кінәсін біледі. Ондай істердің шешімі анық. Ал оған судьялардың біраз уақыты да, күш-жігері де кетеді. «Мәселен, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында әрбір судья күніне төрт істі қарайды. Әрбір іс бойынша отырыс өткізу керек. Оған қоса, кеңесу бөлмесінде отырып, төрт шешімді жазып шығу қажет. Бірақ жұмыс онымен бітпейді. Бір күнде 150 санкцияны беру керек. Оны кейінге қалдыруға болмайды. Себебі санкциялар бірден берілуі шарт. Ал ондай қарбаласта жұмыстың сапасы бола ма? Әрине, болмайды», - дейді Ж.Асанов.

Жоғарғы сот төрағасы судьяларды артық жұмыстан босату қажет деп санайды. Дау-дамайлары жоқ істерді қысқартудан бөлек санкциялардың санын да азайтқан жөн. Мәселен, банк есепшоттарына қатысты санкцияларды прокуратура бере алады. Сондай-ақ, барлық қылмыстық істер сотқа тек прокуратура органдары арқылы ғана түсуі тиіс. Бүгінде Жоғарғы соттың бастамасын құзіретті мемлекеттік органдар қолдап отыр. Осының арқасында судьялардың қазіргі жүктемесін айтарлықтай азайтуға болады.

ҚР Жоғарғы сот төрағасы осыған дейін судьялардың жүктемелерінің көптігіне байланысты бір күнде 16 шешім шығаруға мәжбүр екендігін айтқан болатын.

Айта кетейік, бүгін Астанада инвестициялық және коммерциялық дауларды шешу мәселесіне арналған халықаралық семинар басталды. Отандық және шетелдік сарапшылар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының осы саладағы тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстанда енгізу жайын қарастыруда.