13 мау, 2019 сағат 09:54

Бас прокуратура заңсыз шеруге қатысып, әкімшілік жауапқа тартылғандар туралы айтты

ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов сайлаудан кейінгі шерулерге қатысқан адамдардың қаншасы қамауға алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, заңсыз акциялар мен шерулерге қатысқаны үшін сот шешімімен 957 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

«Бас прокуратура рұқсат етілмеген акция, шерулерге қатысу заңсыз екенін бірнеше мәрте ескертті. Арандатуға бой алдырған отандастарымыз бірнеше қалада қарсылық акцияларына шықты. Салдарынан 3 полиция қызметкері дене жарақатын алды. Дегенмен, полиция ұстамдылық танытып, арнайы заттарды қолданбады», - деді Бас прокуратура өкілі.

Сапарбек Нұрпейісов солардың ішінде 670 адам қамаққа алынып, 115 адамға айыппұл салынғанын, ал 172 адамға ескерту жасалғанын айтады.

«Қадағалау өкілеттігі аясында прокуратура ұсталғандардың заңсыз әрекетін түсіне отырып, отбасылық жағдайын ескеріп, сот орындарына 311 адамның қамау мерзімін қысқарту бойынша ұсыным хат жіберді. 63 адам бүгін шығады. Қазір қамақта 180 адам бар. Оның 80-і - Нұр-Сұлтан қаласында, 100-і - Алматыда қамауда. Оларды қамау мерзімі - 6-15 күн аралығында», - деді Сапарбек Нұрпейсіов.