30 сәу, 2019 сағат 15:48

Бас мүфти: Оразаны арықтау үшін емес, Алланың разылығы үшін ұстау керек

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз оразаны арықтау үшін емес, Алланың разылығы үшін ұстау керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында өткен брифингте Бас мүфти оразаның шарттары туралы айтты.

"Денсаулыққа пайдалы екен. Бір ай ораза ұстасам, ішім тазарып, жақсы болып қалады" деген оймен ораза ұстауға болмайды. Ондай адамға сауап жоқ. Бәлкім адамның ағзасына белгілі бір деңгейде оразаның пайдасы тиетін шығар. Бірақ ол Аллаға құлшылық жасап жатқан жоқ. Онда адам тек жеке басының мәселесін ойлап тұр", - деді Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында өткен брифингте.

Серікбай қажы Ораздың айтуынша, қасиетті Рамазан айында мұсылман Алланың ризашылығы үшін ауыз бекітуі керек.

"Рамазан айында мұсылман таза ниет, кіршіксіз пейілмен құлшылық еткенде ғана адамның азғасына оразаның пайдасы тиеді. Адам рухани байиды", - дейді Бас мүфти.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы биыл Рамазан 30 күнге созылатынын, осы уақыт аралығында азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.