03 мау, 2020 сағат 14:51

«Барыс» алғаш рет Еуропаның үздік он клубы қатарына ілікті

Hockeyarchives.info сайты осы маусымның қорытындысы бойынша Еуропаның үздік 250 клубының дәстүрлі рейтингін ұсынды. Оған Қазақстан өкілдері де кірді, деп хабарлайды Sports.kz.

«Барыс» өткен жылмен салыстырғанда он орын жоғары көтеріліп, тоғызыншы орынды иеленді және осы тізімнің ТОП-10-на кірген тарихтағы алғашқы Қазақстан клубы атанды. «Сарыарқа» 171-ші орында болса, «Торпедо» —181-ші, «Арлан» — 201-ші, «Ертіс» — 216-шы, «Алматы» —221-ші, «Бейбарыс» —234-ші орында тұр.

Мәскеулік ЦСКА шведтік «Лулео» командасын басып озып, рейтингте көш бастап тұр. Алғашқы үштікті қазандық «Ак Барс» тұйықтады.

Еске салайық, өткен маусымда «Барыс» Гагарин кубогының ширек финалына шығып, новосібірлік «Сибирь» командасымен ойнауы тиіс еді. Алайда, елордалық клуб елімізде енгізілген ТЖ режиміне байланысты ҚХЛ плей-офф ойынынан шығуға тура келді.