11 қаң, 2017 сағат 08:17

Барак Обама президент ретінде қоштасу сөзін сөйледі

Билік мерзімі аяқталатын АҚШ президенті Барак Обама Чикагода президент ретіндегі соңғы сөзін сөйледі. АҚШ президенті сөзінде президенттік қызметі басталатын кезде өзекті болып тұрған тақырыптарға, оның ішінде америкалықтарды біріктіретін идеяларға тоқталды.

55 жастағы Обама сонымен қатар өзінің қол жеткізген басты жетістіктері - денсаулық сақтау саласына жасалған реформаларды, Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату жөніндегі халықаралық келісімді, Кубамен қарым-қатынасты реттегенін айтты.АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Обама әкімшілігінің ішкі және сыртқы саясатындағы осы тұстарын сынайды.

Барак Обама Гуантанамо түрмесін жабуға да тырысқанына тоқталды.

Ақ үй Обаманың соңғы сөзі алдында видео жариялаған. Онда Обама соңғы сөз - "тамаша тәжірибе үшін алғыс білдіруге және сегіз жыл президенттік кезеңінде алған сабақтарын талқылауға берілген мүмкіндік" дейді.

Барак Обаманың президенттік мандаты 20 қаңтарда аяқталады. Бұл күні Дональд Трамп Вашингтондағы Капитолийде ант қабылдайды.