16 нау, 2018 сағат 11:32

Балиева: 7 жастағы баланы зорлады деп күдікке ілінгендер де мемлекет қорғауында

Оңтүстік Қазақстан облысында  7 жастағы баланы зорлау күдігіне іліккен оқушылар да мемлекет қорғауында. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифинг барысында ол тек 7 жастағы баламен ғана байланысқанын, ал күдіктілермен әлі кездеспегенін баса айтты.

«Сараптама тағайындалғанын, барлық балалар мемлекеттің қорғауына алынғанын білемін. Аталған қылмыстық жасау күдігіне іліккендер де - балалар. Олар да - мемлекеттік қорғауында», - деді ол.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, күдіктілер мектепке барып жүр.

«Оларға да осы бағдарлама бойынша психологиялық көмек көрсету қажет. Төңірегіндегілер де оларға осы себептерге байланысты сұрақтар қойып, түртпектейді. Мен барлық тарапты, барлық балаларды, оның ішінде заңмен проблемасы бар, белгілі бір шектен шығып кеткен балаларды да қорғауға міндеттімін. Мен үшін бөтен бала және жұмыс істемеуім қажет бала жоқ», - деді Зағипа Балиева.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Зағипа Балиева 7 жасар балаға кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізу қажеттігін айтқан болатын. 

Сонымен қатар ол  бала отбасының әлеуметтік мәртебесі туралы да сөз қозғаған еді.