11 қыр, 2019 сағат 10:12

Баласын ұрып талдырған әкенің сотында шу шықты

Алматыда 4,5 жастағы ұлын ұрып талдырды деген күдікпен ұсталған әке Мұрат Асқароғлыға қатысты сот үкімі болмай қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сот алдында өз баласын ұрып өлтірмек болды деген күдікпен әкесі жауап беріп жатыр.

Жарыссөз кезінде прокурор оны 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру туралы жаза сұраған болатын.

Сот үкімі алқа билер қатысуымен өтті. Судья үкімді оқи бастаған сәтте туыстары айғай-шу көтеріп жіберді. Сондықтан, судья залдан шығып кетуге мәжбүр болды.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшелерінің қиылысында болды. Тұрғындар тал түбінен 4,5 жасар баланы тауып алған. Бала шала-жансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. 

Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті ретінде баланың әкесін ұстады. Мұрат Асқароғлы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. 

Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған. 

Мұрат Асқароғлы ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі 3-тармағымен («Дәрменсіз адамды өлтіруге оқталғаны үшін»)  және ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімімен айыпталуда. 

Судья бұл істі тоқтатып, қайта тергеуге жіберген болатын.

Биыл сәуірде іс қайта жалғасты.