15 ақп, 2017 сағат 11:06

Балаңыз «Балапанның» алдында отыр ма?

Қазір бала ұялы телефон мен теледидар қарайтын болды. «Құлағымыз тыныш болсын» деп «көк сандықтың» алдына отырғызып кететініміз де жасырын емес. Бірақ мұның бәрі де зиян екендігін біле тұра біз жанның тыныштығын ойлаймыз.

Жалпы балаларға теледидарды көп көрсетуге бола ма? Әр баланың «көк жәшікті» көруіне шектеу болғаны жөн. Мамандардың бағалауынша, екі жасқа дейінгі сәбилерді теледидардың алдына жолатудың тіпті қажеті жоқ. Расында көптеген ата-ана мұны елемей, баланы отырғызып кетеді. Ал ақиқатына келсек, 2 жастағы сәби теледидардағы сюжеттің мән-маңызын түсінетін жаста емес. Олардың бұл кездегі бүкіл іс – әрекеті қимылға негізделетінін ұмытпайық. Бұл жас мөлшер оның үнемі қозғалыстағы кезі болғандықтан, оның әр нәрсеге құмарлығы артады. Ғалымдардың бағалауынша, теледидар алдында үнемі отыратын баланың белсенділігі төмендейді. Оның даму мүмкіншілігі де кемиді. Сондықтан бұл жаста балаға көбірек қимыл-қозғалыс керек.

Екі жастағыларға теледидарды көрсетудің қажеті шамалы десек те, ал үш жастағыларға аздап болса да көруге болады. Бірақ көп емес, бар-жоғы 15 минуттың өзі жеткілікті екен. Бірақ, нені көрсету қажет, ең маңыздысы сол. Тіпті теледидардан көрген нәрсесін түсіндіріп отырсаңыз, мұның өзі үлкен жетістік, баланың дамуына үлкен септігін тигізеді.

Үш жас баланың «білсем, үйренсем, көрсем» деп құмарлыққа көп иек артатын кезі. Оның сөйлеу қабілеті дамып, сөз қоры толысып, есте сақтау қабілеті артып, интеллектісі тереңдей бастайтын сәті. Сондықтан оны теледидардың алдына «байлап» қойып, баланың жетіліп келе жатқан психикасын бұзуға болмайды. Теледидарды үнемі көретін осы жастағы балалар өтіп жатқан картинаны қабылдап үлгере алмайды және түсіне де алмайды. Сөйтіп, ашуланып, жүйкесіне салмақ түседі. Сондықтан бір сәт әрине, «құлағыңыздың тыныш болғаны» жақсы ғой, бірақ балаңыздың болашағы одан да қымбат екенін ұмытпаңыз.

Психологтардың бағалауына қарағанда, 3-6 жас аралығындағы балалар күніне 40 минут қана теледидар көруі қажет. Онда да арасына үзіліс жасап тұрған абзал. Бұл жастағы балалар әлемді көгілдір экран арқылы тани бастайтын дәрежеге жетеді. Сондықтан нені көру қажеттігіне де бағыт-бағдар беріп отырғанның артығы жоқ. Ол қандай мультфильм көріп отыр, нендей бағдарлама оған ұнайды, үнемі қадағалаған дұрыс. Бұл жаста өсіп келе жатқан бүлдіршіннің шығармашылық ойлау жүйесі арта бастайды, ол нені қалайды, арнайы бағыт берген де дұрыс.

Мамандар бала 7 жасқа келгенде, арасына үзіліс салып, күніне 90 минут теледидар көргені дұрыс деп топшылайды. Баланы жеке қалдырып кетудің қажеті жоқ. Бұл жаста қай телеарнада не көрсетеді, олар бәрін біліп алады.

Сонымен қатар, «көк жәшікті» көру талабы қандай?
1. Отырып көру қажет.
2. Арақашықтық 2 метр шамасында болуы қажет.
3. Теледидар көргенде, бөлме жарық болғаны дұрыс.
Теледидардың зардабы:
1. Үнемі, қозғалыссыз және тапжылмай отырып көру баланың жүйкесіне салмақ түсіреді және баланың жетілуін кешеуілдетеді.
2. Сәбидің әрекеті агрессиялық сипат ала бастайды.
3. Баланың көру қабілеті біртіндеп нашарлайды.
4. Мидың жұмыс істеуі баяулай бастайды. Ол шығармашылық ойлау қабілетінен айрылады. «Бүкіл ақыл-ой мен идея – теледидарда» деп түсінеді.
5. Есте сақтау қабілеті нашарлайды.
6. Сабақты оқу мен оны қабылдау процесі төмендейді.
7. Мақсат қойып, жұмыс істеуге дағдыланбайды.
8. Белсенді әрекеті нашарлайды.

Сондықтан бүгінгідей ақпарат толы заманда баланы тәрбиелеу басты міндет. 7 жасқа дейінгілерді күніне екі үш рет мультфильм көрсетуге дағдыландыру керек. Бірақ барлығын да баланың санасына құйып, ұрыспай, ақыл айтып, оның зиян екенін барынша ақылмен түсіндірген жөн. Негізі теледидардан басқа танымдық білім беретін қайнар көздер көп қой. Кітап оқу, сурет салып, таза ауада тыныстау секілді салауатты өмір салты өзіңізге де, балаңызға жақсы екенін ұмытпаңыз.

Алдымен ата-ана балаларын қай бағдарлама қызықтырады, соны ал¬дымен зерттеуі керек. Нені көруге болады, нені көруге болмайды, аталған мәселені баламен бірге оты¬рып, талқыға салу қажет. Тіпті телеар¬надан берілген бағдарламаның өзін ортаға салып, пікір білдірсе, балаға жеңіл тиеді, талқыдан кейін бүлдіршін оны терең түйсіну мүмкіндігіне ие болады. Негізі бала¬лар қашан да өздеріне арналмаған бағдарламаны көруге әуес.

Бір ғана мысал, 50 мың шамасындағы дәрігерлердің басын біріктіретін АҚШ-тың Пе¬диа¬тр¬лар академиясы жуырда зерт¬теулерінің қорытындысын жария¬лады. Аталған академия жас шамасы 17-нің шамасындағы 700 жасөспірімге зерттеу жүргізген. Қо¬рытындысында, күніне бір сағат неме¬се екі сағатқа жуық уақыт тапжыл¬май отырып теледидар көретін жасөс-пірімдердің агрессиялық іс-әрекеті басқаларға қарағанда тым артып кеткені байқалған. Бұл сипат ер бала¬лар ғана емес, қыздардың арасында да көрінген. Гарвард университетінің профессоры, аталған академияның мүшесі Майкл Ричтің айтуына қара¬ғанда, екі жасқа дейінгілерді теледи-дар¬ға жақындату тіпті зиян. Ал одан жоғары жастағы балалар мен жасөс-пірімдердің теледидар алдындағы ер¬мегі жас ерекшелігіне қарай бір-екі сағаттан аспағаны жөн.

Неміс ғалымдарының осы салаға қатысты тұжырымдары да назар аударарлық. Олардың зерт¬теуін¬ше, көп уақыт теледидар ал¬дында тапжылмай отыру семіздікті арттырады, қан қысымын күшейтеді екен.

Сондықтан қазіргі уақытта кез келген нәрсеге, әсіресе, балаға бақылау болмаса қиын. Расында баланың құмарлығы қазір теледидарға артқан. Ал смартфон туралы әңгіме бөлек. Сондықтан енді тәй-тәй басқан балаға алдымен тәрбие керек.

Әрине, бүгінгі көкейкесті мәселеге «Балапан» телеарнасының еш қатысы жоқ. Біздің айтарымыз, «Балапанның» тәрбиесі бөлек. Олар қаракөздер үшін ұлағатты іс тындырып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ «Балапаннан» да басқа телеарналар бар ғой. Әңгіме осы тұрғыда және ұлтымыздың болашағы балаларға бүгіннен дұрыс қарасақ деген ой…

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Дереккөзі: "Айқын" газеті