25 ақп, 2020 сағат 12:30

Балалар хирургиясы дамып келеді – Нұрлан Ахпаров

Мемлекеттің басты байлықтарының бірі - ана мен бала денсаулығы екені даусыз. Бүгінде еліміздегі ана мен балаға барлық жағдай жасалған. Оның ішінде медициналық қызметті алу мүмкіндігінің аясы кеңейген. Сондай-ақ, хирургиялық ота қажет ететін балалар үшін сапалы әрі қауіпсіз хирургияның дамып келе жатқанын уақыт көрсетіп отыр. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті хирургы Ахпаров Нұрлан Нұркенұлы өз тәжірибесімен бөлісіп, сұхбат берді.

– Нұрлан Нұркенұлы, бүгінгі таңда балалар арасында қандай ауру жиі кездеседі? Туа бітті ауруларды емдеу мүмкіндігі қаншалықты?

– Балалар арасында жиі кездесетін "туа бітті аурулар" екені баяғыдан белгілі. Мұндай аурулар өте ауыр және бұл алдағы уақытта да бола береді. Себебі Құдайдың жаратуына ешкім қарсы келе алмайтыны анық қой. Қазір ауруларды ерте кезден анықтайтын диагностикалық орталықтар бар. Ерте анықтау, диагностикалау баста назарда болуы керек. Өйткені, ол ауруды ерте анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, балалар арасында асқазан, тікішек, өкпе, тоқішек, асішек сынды туа пайда болған аурулар өте көп кездеседі. Жүре пайда болатын арулар да бар, бірақ олардың саны аз.

Туа бітті аурулар экологиядан ғана емес, оған әлеуметтік мәселенің де қатысы бар. Анасы балаға жүкті кезде дұрыс тамақтанып, дұрыс демалу керек, өзін күтуі керек. Жүктілік кезінде ана жақсы күтінсе, осындай аурулардан аулақ болады. Ауылдағы келіндер таңғы алтыдан тұрып ата-енесіне шәй береді, демалуды білмейді. Күні бойы үйдің тіршілігімен жүріп өзіне қарамайды. Осының барлығы болашақ баланың денсаулығына зиянын тигізеді. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың әсері бар.

– Дұрыс тамақтану демекші, бұл қазіргі таңа ең өзекті мәселелердің бірі емес пе еді?

– Дұрыс айтасыз, бұл - қазіргі таңда басты мәселелердің бірі. Германияда тамақтану мәселесін жіті зерттеп жатыр. Қазіргі уақытта жеміс-жидектер табиғи емес, сулар да таза емес. Адамдардың мақсаты тек сату болып кеткен. Жемістердің құрамында қандай химиялық заттар бар екенін естен шығарамыз. Әрине әркезде де толыққанды тамақтану, салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Қазіргі уақытта фастфуд тағамдары өте көп, бірақ олар денсаулыққа өте зиян. Сондай-ақ, экологиялық жағдайлардың да әсері жоқ емес. Қазір көбінесе онкологиялық аурудың түрлері көп. Бір кездері осындай аурумен ауыратын адамдар сирек болатын. Тіпті, ата-аналарының денсаулығы дұрыс болса да, іштегі нәрестенің онкологиялық аурулармен туылатын жағдайлар да өкінішке орай кездесуде.

– Балалар хирургиясы маңызды саланың бірі болса, қазіргі заманауи медицинада болашақ хирургтер қалай дайындалып жатыр?

— Бүгінгі оқу процесінде ерекшеліктер жетерлік. Мәселен, егер маман халықаралық тілдерді білсе, шетелдік мамандармен араласуға және ашық тәжірибе алмасуға мүмкіндік өте жоғары. Ал біздің кезімізде тіпті баратын жерде жоқ болған. Асып кетсе Мәскеуге баратынбыз. Қазір Америка, Еуропа болсын мамандарымен ғаламтор, не белгілі бір бағдарламалар арқылы араласып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер өте көп. Жастар үшін барлық жағдай жасалған. Болмаса қандай да бір мақаланы оқып, сараптап, зерделеуге де мүмкіндік өте жоғары. Бірақ қалай дегенмен де білімнің негізгі іргетасы берік болуы керек.

— Ал хирургияда жас мамандар қалай тәжірибе жинайды?

– Бітіре салып мықты маман шығады деп те айта алмаймын. Оның бәріне уақыт, тәжірибе керек. Дегенмен тәжірибе жинап, өз саласын меңгеру үшін бар болмысымен берілу керек. Біздің елде жас мамандардың алатын айлығы 100 мыңға жетер-жетпес. Ал мұндай айлық отбасын асыруға жетпесі анық. Осыдан кейін ол маман қосымша жұмыспен айналыса бастайды. Хирургия саласына аса ден қоя алмайды. Айлығы аз болса да ата-анасы көмектесіп, қолдап тұратын жас мамандар бар. Міне, сондай жағдайда жаста болса одан мықты маман шығуы мүмкін. Дегенмен, мықты мамандардың мықтылығын көрсетуіне кейде әлеуметтік мүмкіншіліктері кедергі келтіріп жатады.

Хирургия — ол да үлкен өнер. Оған адам бар жан-тәнімен кірісу керек. Өйткені, хирургия медицинаның ең ауыр әрі өте жауапкершілікті қажет саласы. Ал мамандардың бар назарын тек науқастарға аударып, сол саланың биігіне шығу үшін, олардың көңілі тоқ болу керек. Ол мамандарды отбасын қалай асыраймын деген ой мазаламау қажет. Егер науқасқа ота дұрыс жасалмаса, онда ол адам өледі, не болмаса өмір бойы зардап шегеді. Сондықтан аса жауапкершілікті қажет ететін бұл салаға мемлекет те жауапкершілік танытуы керек. Биылғы жылы дәрігерлердің жалақысын көтеріп жатқаны қуантарлық жағдай болды.

— Ал өзіңіз қырық жылға жуық қызмет еткен хирургия саласында қанша ота жасадыңыз?

— Алғашында әрбір жасаған операцияны санайтынмын, әрі әрқайсының өзіндік ерекшелігін, себебін анықтайтынмын. Алайда отаның саны алты мыңнан асқасын тоқтаттым, қазір санамаймын. Жас келген сайын әрбір жасаған отамыздың дұрыс-бұрыстығын анықтап сараптап отыратын болдық. Негізі 20 жыл істеп, отаның бір түрін жасай берген дұрыс емес. Маман өзін-өзі дамытып, үнемі ізденісте болу керек. Негізі көп салалы бөлімшелері бар орталықтарда жұмыс істеген маманнан мықты хирург шығады. Мен осы мамандықты тиаңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Мен өмірде нені армандадым, соған қол жеткіздім, соны істедім. Биыл 60 жасқа толдым. Қазір мен өмірден рахат аламын. Себебі, мен мамандар дайындай аламын, дәрігерлердің өмірі мен еңбектері жайлы жаза аламын. Ең бастысы көп жылғы тәжірибемнің арқасынада адамдарға көмектесе аламын. Мен өзімді толыққанды адам сезінемін, өйткені ойлағаныма қол жеткіздім. Жаратқанға алғысым шексіз. Өте ризамын. Себебі, мен бармын, мен хирургпін, мен адамдарға көмектесе аламын. Тіпті ауыр оталар жасалған уақытта, медицинаның көмегі болмайтын қиын сәттерде Алланың өзі жәрдем береді. Тіпті өз тәжірибемде мынандай жағдай болған.. Бір жігітке жасалған отасының тігісі жазылмай, жыртыла берді. Кейіннен дәрігерлер үміттің жоқтығын, баланың өлетіндігін айтты. Соған қарамастан әлгі науқасты тағы бір отаға дайындап жүргенімде, бала көзін ақырын ашып «Мен сізге сенемін…» деді. Ота уақытында баланың сөзі бір сәт құлағымнан кетпей қойды. Баланың сеніміне селкеу түсіргім келместен барымды салдым. Тірі қалуына мүмкіндік аз болса да, сегіз тігісі бітеліп, бала аман қалды. Алланың құдіреті шексіз ғой!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Индира СӘТІМ