28 шіл, 2017 сағат 09:49

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Онда Үкімет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысымен танысады.

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік және өндірістік нысандарды аралайды, олардың ішінде металлургиялық кремний шығаратын «Tau-Ken Temir» ЖШС, сүтті қайта өңдейтін және сүт өнімдерін өндіретін «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС, сондай-ақ нан-тоқаш өнімдерін өндіретін «Сарыарқа нан» ЖШС кәсіпорындары бар.

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында іске асырылып жатқан Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде республикалық кеңес, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша кездесу, сондай-ақ моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізеді деп күтілуде.