17 қаң, 2017 сағат 09:56

Бақытжан Сағынтаев Универсиаданы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді тапсырды

"ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы өткізу қарсаңында жауапты мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Премьер-Министр Универсиадаға әзірліктің соңғы кезеңі жүріп жатқанын және осыған байланысты ұйымдастырушылық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Алматы әкімдігіне Инвестициялар және даму министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына сәйкес Универсиаданың жаңа нысандарының жұмысы мен көлік логистикасының барлық мәселелерін егжейлі-тегжейлі пысықтау мәселесі тағы бір тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне адамдар көптеп жиналатын нысандарда, қонақ үйлерде, сондай-ақ басқа да қоғамдық орындар мен қала көліктерінде өрт қауіпсіздігі жағдайына бақылауды күшейту тапсырылды.

«Жалпы, ІІМ қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерді пысықтауды тапсырамын», - деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ақпараттық-имидждік жұмыстарға ерекше назар аудару тапсырылды. Бұл жарыстарды, жаңалықтар блоктарын трансляциялауға да, журналистердің жұмысын қамтамасыз етуге де қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Универсиада кезінде медициналық қызмет көрсетуді тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

«Барлық министрліктер мен ведомстволардың басшыларынан ат салысып,  қажетті көмекті көрсетулерін сұраймын», - деп нақтылады Б. Сағынтаев.