07 нау, 2019 сағат 17:29

Бақытжан Сағынтаев «Әлемнің жарығы» атты мерекелік концертті тамашалады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Бақытжан Сағынтаев Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы» атты мерекелік концертке барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекеттік хатшы концерт алдында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан еліміздегі әйелдер қауымын Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде қоғам өміріндегі және мемлекетті дамыту ісіндегі әйелдердің рөлі айрықша аталып өткені туралы айтты.

– Сіздер елдіктің жүгін ер-азаматтармен бірдей арқалап, сан түрлі салада табысты еңбек етіп, мемлекетімізді нығайтуға, елдігімізді баянды етуге бірегей үлес қосып келесіздер, – делінген құттықтауда.

Сондай-ақ, Елбасының құттықтауында әйелдер қауымы шаңырақтың берекесі мен отбасылық құндылықтарды сақтап, бүкіл қоғамның үйлесімді дамуына септігін тигізіп отырғаны жөнінде айтылған.

– Барша қазақстандық аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп, қамқорлық жасау – ер-азаматтардың борышы және мемлекеттің ең басты міндеті. Біз осы үдеден шығу үшін аянбаймыз, – делінген құттықтау сөзде.

Концертте «Astana Ballet», «Жастар» театрларының өнерпаздары, халық әртістері Ә.Дінішев, Р.Рымбаева, сондай-ақ танымал орындаушылар Р.Малцагов, Р.Нұржігіт, Ayree, Н.Керменбаев, Ә.Оқапов, А.Жорабаева, «Жас сарбаз» балалар хоры, Қ.Әбілдина студиясының шәкірттері өнер көрсетті.