09 қаң, 2020 сағат 13:03

«Бақытты отбасы»: Биыл елордада 2 мыңға жуық баспана беріледі

2020 жылы елордалық 2 мыңға жуық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

«Республикалық бюджеттен қаржыландырудың артуына байланысты 2020 жылы берілетін пәтерлер саны көп болып отыр. Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға тұрғын үйді сатып алудағы көмек жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылады. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 1 млн теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификаттары берілетін болады», - деді әкімдіктен.

Мәлім болғандай, өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында елордалық 721 отбасы тұрғын үймен қамтылды.

Бағдарламаның екінші кезеңін наурыз айында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тұрғын үйге үміткер азаматтар санатына көпбалалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар жатады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Данияр Балтиннің айтуынша, тұрғын үй қарызы 2% беріледі. Яғни, отбасы 10 млн теңге қарыз алса, ай сайынғы төлем 20 жылға шаққанда 50 мың теңгені құрайды.

Ағымдағы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қаражат бөлінгендігін атап өткен жөн. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаты үшін пәтерлерді сатып алуда көмекті жергілікті билік те көрсетіп отыр. Осы жылы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Еске салсақ, «Бакытты отбасы» бағдарламасы әлеуметтік санаттағы отбасылар үшін баспана сатып алу мүмкіндігін арттыру бойынша ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында іске қосылды.