04 қар, 2017 сағат 17:25

Бақытбек Смағұл Түймебаев ауылының жас спортшыларымен кездесті

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының және "Қазақстан Республикасының әскери-патриоттық спорттық клубтар федерациясының" төрағасы Бақытбек Смағұл Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылының жас спортшыларымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шараға "Сағадат сардар" жаттығу залында тәлім алып, джиу-джитсу, грепплинг, аралас жекпе-жек түрлерінен Әлем, Азия чемпионаттарының һәм халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанып жүрген 30-ға жуық жасөспірім қатысты.

Кездесу барысында Бақытбек Смағұл мырза елі үшін аянбай ерлік еткен ұлт мақтаныштары Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетовтер туралы әнгімелерін айтып берді. Одан бөлек өз өлеңдерін оқып, жиылған балалардың рухын бір көтеріп тастады.

Сонымен қатар жас та болса ауыл спортын дамыту жолында ерінбей еңбек етіп, қазақ балаларын әлемдік ареналарға шығарып, олардың биік тұғырлардан көрінуі жолында тер төгіп жүрген Нұрсұлтан Орынбасаровқа Ұлт Батыры өз кітаптарын сыйға тартты. Өз кезегінде Нұрсұлтан Орынбасаров та қазақтың ата салты бойынша сыйлы қонақтың арқасына шапан жауып, ризашылығын білдірді.


"Спортшыларымыз әлемдік ареналарда ел намысын қорғап, чемпион атануы үшін рухы биік, патриот болуы керек. Жас өркеннің бойында мұндай қасиеттерді қалыптастыру үшін осындай ағаларымызбен жиі кездесулер өткізіп тұруымыз шарт", - дейді жас спортшы.

Сонымен қатар бұл шараға ауыл спортын дамуына үлкен үлес қосып жүрген Іле ауданының мәслихат депутаты Дауталиев Ғани Сауытбекұлы, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейірманов Ерлан Сайранұлы, Іле ауданының дене шынықтыру жане спорт бөлімінің басшысы Ортыбаев Қайрат Əуелханұлы, Іле ауданының дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің бас маманы Қабдікəрімов Жəнібек Болатханұлы секілді ел азаматтары қатысқан.

Естерінізге сала кетейік, биыл аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров М.Түймебаев ауылында "Халық Қаһарманы", Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арнап "Сағадат сардар" спорт клубын ашқан болатын. Бүгінде бұл клубта жаттығатын жасөспірімдер саны 80-нен асты.


Нұртуған Бекмұрат