04 жел, 2017 сағат 12:12

Бақытбек Смағұл: Қазақстанның киелі жерлерін ұлттық валютаға енгізу қажет

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл "Қазақстанның киелі жерлері" жобасы аясында іріктеліп алынған киелі орындарды ұлттық валюталарда көрсетуді ұсынды.

«Мәдениет саласындағы мем.саясат «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру тұрғысында» атты Үкімет сағатындағы Бақытбек Смағұлдың сөзі: 

Рухани жаңғырудың ұстыны саналатын, мәдени мұраға жататын тарихи ескерткіштер мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың түрлі жолдары бар. Соның біріне толығырақ тоқтала кеткім келеді. 

Таяуда әлеуметтік желілерде, ел арасында және ақпарат құралдарында Ұлттық банк таныстырылымын өткізген 500 теңгелік жаңа банкнотқа қатысты қызу пікірталастар жүрді. Оған қатысты қаржылық реттеуші ресми түсініктеме беруге де мәжбүр болды. Бұл ретте жаңа 500 теңгеде кескінделген елордадағы «Москва» коммерциялық бизнес орталығының бүкіл Қазақстан үшін еш ізгі символдық мәнінің жоқтығы сөзсіз.

Шындап келгенде, бүкіл әлемде ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып табылады. Сондықтан оған қоғам да, орталық банктер де бей-жай қарамайды. Мұны дамыған елдер тәжірибесінен де байқауға болады. Тіпті көрші Ресейдің өзі биыл айналымға түсетін 200 және 2000 рубльдің жаңа банкноттарында не кескінделетінін бүкіл Ресей бойынша жүргізілген ашық конкурс пен дауыс беру арқылы таңдап алды. 

Сондықтан бұл маңызды іс, яғни ұлттық валютамызда не бейнеленетінін жалғыз Ұлттық банк дизайнерлерінің жеке таңдауына ғана тастамай, қоғамдық талқыға шығарған да маңызды.

Осы орайда Елбасы жариялаған «рухани жаңғыру» стратегиясы ұлттық валютада да көрініс бергені жөн деп санаймын. Және бұл тек теңгеміздегі жазуларды кейін латын графикасына көшірумен ғана шектелмеуі қажет. Сонымен қатар ұлттық валютада барша қазақстандықтар, сондай-ақ күллі түркі дүниесі қасиет тұтар киелі жерлер көрініс тапқаны абзал.

Оларды алыстан іздеудің, немесе Интернеттен қараудың қажеті жоқ. Барлығы бойынша жан-жақты ақпараттар, соның ішінде фотодеректер рухани жаңғыру аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында жинақталуда. Таңдау өрісі де кең. Ғалымдар мен қоғамдық қайраткерлер қазірдің өзінде жүз жалпыұлттық және 500-дей өңірлік мәдени ескерткіштерді іріктеп алғаны мәлім.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында олардың бастылары қатарында Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді жатқызды.

Бұл ретте президенттік жобадағы «халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын» таңдаулы киелі орындарды кезек-кезекпен ұлттық валютада бейнелеу арқылы оларды барша Қазақстан халқына, жас ұрпаққа және елімізге келер шетелдік туристер мен мәртебелі меймандарға, сондай-ақ жаһандық коллекционерлер арасында насихаттап отыруды ұсынар едім. Сонда бұл қазақстандықтарды, әсіресе, жасөскіндерді патриоттық тәрбиелеуге, киелі орындарға деген құрметте баулуға үлес қосады. Бұдан бөлек, бұл қадам киелі жерлерді әлем жұртшылығының назарына іліктіріп, отандық туризмге серпін беруге ықпал етер еді.

Жауапты тұлғалар осыған көңіл бөлсе, бұл да рухани жаңғырудың бір бастауына айналары анық.