18 қар, 2019 сағат 09:49

Бақыт Сұлтанов: «Азық-түлік бағасына жауаптылар жазаланады»

Үкімет отырысында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған азық-түліктің қымбаттау себептерін айтты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

–Біріншіден, азық-түлік нарығында әртүрлі сауда үстеме бағалары бар көптеген дистрибьютерлер және де тиімсіз делдалдар санының көп болуы, жеткізу шарттарының орындалмауы және сақтау арналарының жоқтығы. Осының нәтижесінде кейбір тауарлар бағаларының өсуіне әкеп соқтырады. Екінші себеп – экспорт көлемінің өсуі. Биыл қарақұмық егіс алқаптарының 30% қысқаруы, Ресейде бес жыл ішінде өнім аз болуына байланысты бағаның өсімі байқалады. Күріш бағасының өсуі Өзбекстан мен Түрікменстан тарапынан қазақстандық күрішке сұраныстың өсуінен байқалды. Осылайша аталған елдерге экспорт 22 есеге өсті. Ресейде күріш бағасы 14% өсті, – деді сауда және интеграция министрі Үкімет отырысында.

Ол өңіраралық тауарлар жеткізуге жүргізілген талдаудан әкімдіктердің өз өңірлеріне қандай тауарлар өндіретіндігін және қайдан әкелетіндігін білмейтінін байқағанын айтты.

– Көптеген тауарлар бойынша көршілес елдердің бағаларымен корелляция 90% астам құрайды. Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда шекарасының ашық болуына байланысты Ресейде бағаның өсуінен бізде экспорт көлемі де өсіп жатыр. Ресейде барлық азық-түлік тауарлары бойынша бағалар айтарлықтай жоғары болуына байланысты ішкі қазақстандық бағаны да көтереді, – деп айтты  ол.

Бақыт Сұлтанов  жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 10% қымбаттағанын осыған дейін айтты. Премьер-министр Асқар Мамин азық-түлік бағасына жауапты министрлер мен әкімдердің орынбасарларын жазалауды тапсырды.