#
#
Жұма 23/06/2017

Бақыт Сұлтанов: Салықтық тексерулерді 37,5 пайызға қысқартамыз

  • 19.06.2017
  • 0
  • 218

Бизнеске жазалаудың орнына ескерту институты кеңінен қолданылады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«2016 жылға арналған бюджеттің атқарылуы жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы экономиканы жандандыруға бағытталған болатын.  Экономиканың өсімі 1 пайызды құрады. Ол көлік саласында көрсетілетін қызметтердің көлемінің өсуі, ауыл шаруашылығында, құрылыста, оның ішінде тұрғын-үй құрылысында, өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Бюджеттің кірістері 7,7 трлн. теңгеге жетті. Бұл 2015 жылдың көрсеткіштерінен 1,5 трлн. теңгеге көп. Оның 30 пайызы трансферттерге келеді. Бюджет кірістерінің әлі де болса Ұлттық қордан тартылатын трансферттер мен әлемдік шикізат нарығы конъюнктурасының өзгеруіне тәуелділігі туралы сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды. Сондықтан, экономиканың өсуі мен әрі қарай дамуы үшін біраз шаралар жоспарланып отыр. Бұл жоспардың нәтижелі болуы үшін біз бизнеске қолайлы жағдай жасап, салық түсімдерінің жоғары қайтарылымын сақтап қалуымыз керек. «Кіріс кірмей - шығыс шықпайды» деген мәтел бар.Бұл ретте, жұмысымыз салықтық түсімдерді ұлғайту мен бизнеске әкімшілік қысымдарды азайту аясында өтеді. Мәселен, үстіміздегі жылы салықтық тексерулерді 37,5 пайызға қысқартамыз. Бұдан басқа, жаңа Салық кодексі жобасында осы тексерулерге себеп болатын негіздемелердің 56 пайызы алынып тасталады. Сонымен, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалатын болады», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы салықтық тексерулерде горизонтальды мониторинг енгізіледі. Ол сенім, ашықтық және өзара тиімді принциптері бойынша қолданылады. Салықтық әкімшілендірудегі қызметтерді одан әрі ақпараттандыру да осы жұмысқа оң ықпалын тигізеді.

«Қарастырылып жатқан маңызды мәселенің тағы бірі - ол тиімсіз салықтық преференциялардың санын қысқарту. Өздеріңізге белгілі, осы жеңілдіктер бизнеспен көбінесе салық төлеудің мөлшерін азайту үшін ғана қолданылады. Осыған байланысты қосылған құн, корпоративтік табыс салықтары және де жергілікті салықтар бойынша қолданыстағы жеңілдіктер қайтадан қаралады. Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне гуманизация аясында тиісті өзгерістер енгізілу қарастырылуда. Оның ең бастысы - ол әкімшілік айыппұлдың көлемін қысқарту мен жазалаудың орнына ескерту институтын кеңінен қолдану», - деді Б. Сұлтанов.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар