07 там, 2017 сағат 08:53

Бахрейнде жоғалып кеткен 24 жастағы қазақстандық қыз үйіне оралды

Бахрейнде жоғалып кеткен қазақстандық қыз Тагина Хайтметова үйіне оралды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл мәліметті ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов растады.

Ол Бахрейнде жоғалып кеткен қазақстандық Тагина Хайтметованың қазіргі жағдайы туралы да баяндап берді.

«Ол Қазақстанға өз бетімен келді және қазіргі уақытта туыстарының жанында жүр. Оның ата-анасы бізге хабарласты және қыздың жағдайы жақсы екенін, тек жақындарының қолдауына мұқтаж екенін хабарлады. Тагина айтарлықтай психологиялық соққы алған және өзге адамдармен тілдесуге дайын емес. Сондықтан, әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деді Ә.Жайнақов.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің әрі қарайғы іс-әрекеті жөнінде Жайнақов барлығы зардап шеккен қыздың шешіміне байланысты екенін баса айтты. 

«Егер ол өзін Бахрейнде күштеп ұстады деп арыз жазар болса, біз қаскөйлерлерді жауапқа тартуда қол ұшын созатын боламыз. ҚР Елшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі қыз жоғалған сәттен бергі жағдайды бақылауда ұстап келеді. Өз кезегінде Бахрейн полициясы жылдам жұмыс істеп, бірқатар іздестіру шараларын жүргізді», - деп атап өтті Жайнақов.

"Астана әуежайындағы шекара қызметіндегілер маған оның Дубайға ұшып кеткенін айтты. (...) Келесі күні кешкі уақытта ол бізге Бахрейннен жұмыс тапқанын, қонақүйде қызметші болып жұмысқа тұрғанын айтты. Сол күні видео арқылы Бахрейндегі бөлмесін көрсетті. Содан ол келесі күні жұмысқа шығатынын және онда өзімен бірге ұялы телефонды алуға болмайтынын жазып жіберді. Кейінірек хабарлама жазуға уәде берді. Міне содан бері, 29 шілдеден бері одан хабар жоқ. Қоңырау да бармайды", - деген еді жоғалып кеткен қыздың анасы Матлюба Ханжанова.

Еске сала кетсек, тамыз айының басында қыздарының жоғалып кеткенін айтқан Тагина Хайтметованың ата-анасы Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. 27 шілде күні Тагина Астанадан Дубайға ұшқан және сол жақтан Бахрейнге аттанған. Екі күн өткен соң, туыстары қызбен байланысты жоғалтқан.