20 қар, 2018 сағат 13:38

БАҚ: Трамптың қызы Ақ үй қызметкерлеріне жеке поштасынан хат жазған

АҚШ президенті Дональд Трамптың қызы Иванка Трамп Ақ үймен хат жазысқанда қызметтік емес, жеке электрондық поштасын қолданған болуы мүмкін. Washington Post газетінің хабарлауынша, былтыр президенттің қызы әрі кеңесшісі жеке электрондық поштасынан америкалық шенеуніктерге жүздеген хат жолдаған.

Иванка Трамп жеке почтадан хат жазуға тыйым салынғанын "білмегенін" мәлімдеді. Президент қызының заңгерлері журналистерге оның кейде жеке электрондық поштасын қолданғанын растады. Заңгерлердің айтуынша, бір де бір хатта құпия мәлімет болмаған.

Дональд Трамптың өзі АҚШ президенті сайлауы қарсаңында Демократиялық партия үміткері Хиллари Клинтонды қызметтік хат жазғанда жеке поштасын қолданды деп бірнеше рет айыптаған. Осыдан кейін Федералдық тергеу бюросы президент сайлауы кезінде Клинтонның үстінен тергеу жүргізіп, ол бұрынғы мемлекеттік хатшының рейтингіне кері әсер еткен.