22 қаз, 2018 сағат 12:42

БАҚ: "Союздың" апатқа ұшыруына құрастыру кезіндегі ақау себеп болған

"Союз-ФГ" зымыран тасығышының 11 қазанда апатқа ұшырауына бірінші басқыштағы Д блогында орналасқан датчиктің алты миллиметрлік штогы зақымданғаны себеп болуы мүмкін. РБК сайтының апат себебін тергеуден хабары бар дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл тетік Байқоңырда зымыранды құрастыру кезінде зақымданған болуы ықтимал. Бұл ақпаратты басылымға "Роскосмос" агенттігіндегі дереккөзі де растады.

Комиссия тексеруінің түпкілікті қорытындысы мен ұсыныстары 30 қазан күні жарияланады. Дереккөзінің айтуынша, бұдан соң "Союз" зымыраны Халықаралық ғарыш станциясына қайта ұшырыла бастауы мүмкін.

"Роскосмос" агенттігінің баспасөз қызметі тергеу аяқталғанша "болжамдар мен қауесеттерге" қатысты комментарий беруден бас тартты.

Қазанның 11-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған "Союз" зымыран тасығышы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Зымыран тасығышқа тіркелген "Союз МС-10" ғарыш кемесі халықаралық станцияға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейгті жеткізуі тиіс болған. Апаттан соң ғарышкерлер отырған капсула Байқоңырдан шамамен 500 километр қашықтыққа қонған.

Азаттық