21 мам, 2020 сағат 17:07

БАҚ: Рамзан Қадыровтан коронавирус белгілері байқалып, ауруханаға түсті

Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Қадыровтан коронавирус белгілері байқалып, ауруханаға түсті. Ол Мәскеудегі емханалардың біріне ұшақпен жеткізілді. Бұл туралы Baza және "Интерфакс" агенттігі хабарлады. Ақпарат ресми түрде расталған жоқ. 

"Интерфакс" агенттігі Мәскеудегі медицина қызметкерлерінің біріне сілтеме жасай отырып "Қадыровтан коронавирус белгілері байқалған, дәрігерлер бақылауына алынды" деп жазды. ТАСС агенттігі де құпия дереккөзіне сілтеме жасап, осыған ұқсас ақпарат таратты. 

"База" сайтының жазуынша, Қадыровтың өкпесі ауырған. Бұған дейін сырқаттанған кезде тұмауға шалдыққаны айтылған. Алайда соңғы күндері жағдайы күрт нашарлаған. 

Осыған дейін телеграм-арналарының бірі "Шешенстан үкіметіндегі құпия дереккөзге сілтеме жасап" Қадыровпен бірге денсаулық сақтау министрі Эльхан Сүлейманов та ауруханаға түсті деп жазған. Бірақ бұл ақпарат та ресми расталған жоқ. 

Бұған дейін Шешенстан басшысының көмекшісі Ахмед Дудаев республика басшысы мен министрдің ауруханаға түскенін жоққа шығарған

Шешенстанда коронавирус індетіне байланысты қатаң карантин шаралары күшіне енген. Республикада коменданттық сағат енгізіліп, қоғамдық көлік жұмысы тоқтаған. Ресейдің басқа облысынан кіруге тыйым салынған. Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, Шешенстанда коронавирус жұққан мыңнан астам адам анықталған. 

Осыған дейін Қадыров коронавирус жұққан науқастарды емдеген медицина қызметкерлері қорғаныш құралдарының жетіспейтінін айтып шағымданған кезде оларды жұмыстан шығаруды талап еткен. Кейінірек аурухананың бірнеше қызметкері кешірім сұрап, қорғаныш құралдарының жеткілікті екенін айтқан. Медицина орталығының бас дәрігері және шағымданған дәрігерлердің бірі жұмысынан кетті.