10 қыр, 2019 сағат 13:26

БАҚ: Пхеньян тағы да зымыран ұшырды

Оңтүстік Корея әскерилерінің хабарлауынша, 10 қыркүйекте Cолтүстік Корея Жапон теңізіне қарата екі зымыран ұшырды. Пхеньян ядролық бағдарламасының болашағы туралы АҚШ-пен келіссөздерді жалғастырмақ ниеті барын білдірген соң іле-шала зымыран ұшырған, - деп жазады "Америка дауысы".

Солтүстік Корея зымырандарының қай аумаққа түскені туралы әзірге ақпарат жоқ.

Жапония қорғаныс министрлігі ел аумағына Солтүстік Корея ұшырған зымырандар түскені туралы мәлімет жоғын, қазіргі кезде ұлттық қауіпсіздігіне төтенше қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы шекарада кездескеннен кейін Пхеньян осымен сегізінші мәрте зымыран сынағын өткізді.

"Америка дауысы" радиосы АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілінің "Біз Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғанынан хабардармыз. Біз жағдайды бақылап, аймақтағы одақтастарымызбен кеңесіп отырмыз" деген сөзін келтірген.

Сеул Пхеньянды баллистикалық зымыран ұшыруды тоқтатуға шақырып келеді. Оңтүстік Корея билігі зымыран сынағы Корей түбегіндегі шиеленісті азайтуға септесе алмайды деп санайды. Пхеньян зымыран ұшыруды көрші елге АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастығы үшін жасалған ескерту деп атаған.