16 қаң, 2017 сағат 10:25

Бағлан Майлыбаев екі айға қамалды

"Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев екі айға қамалды", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәлімет бойынша, ҰҚК Бағлан Майлыбаев пен президент әкімшілігінің бұрынғы тағы бір қызметкері Николай Галихинді 12 қаңтарда "Мемлекеттік құпияны заңсыз жинап, тарату және жариялау" айыбы бойынша ұстаған. Николай Галихин бұған дейін президент әкімшілігінде ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.

Ал 14 қаңтар күні Астананың Есіл аудандық соты Майлыбаев пен Галихинді 2 айға қамауға алу туралы санкция шығарып, күдіктілер ҰҚК-нің тергеу абақтысына жабылған.

Күдіктілердің тұратын жерінде тінту жасалып, заттай айғақтар тәркіленген. ҰҚК қазір тергеу жұмыстары жүріп жатқанын және оның нәтижесі бойынша қосымша хабарланатынын айтады.

Бағлан Майлыбаев президент әкімшілігі басшысының жетекшісі қызметінен 12 қаңтар күні босатылған.