24 мам, 2017 сағат 08:28

БАӘ-де қазақстандықтар үшін визасыз режим қашан енгізілетіні белгілі болды

ҚР Сыртқы істер министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандықтар үшін визасыз режим қай мерзімде енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«Қол қойылған құжатты іске асыру бойынша мемлекеттік ішкі процедуралар бір-екі айда аяқталады деп үміттенеміз. Құжат күшіне енгеннен соң, біздің азаматтар қазақстандық туристер арасында танымал елге сапар жасау барысында жылына 10 миллион АҚШ долларына дейін үнемдейтін болады», - деп жазды ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Ануар Жайнақов өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Оның мәліметтері бойынша, қазір қазақстандықтар БАӘ-ге виза алу үшін шамамен 100 АҚШ долларын шығындайды.

«Көпшілік үшін қызық болатын тағы бір мәліметтерді жеткізейін, қазақстандық дипломаттар осындай келіссөздерді Тайландпен, Израильмен, ҚХР арнайы әкімшілік аймағы Макаомен, сонымен қатар Доминикан Республикасы, Коста-Рика және Фиджи сынды экзотикалық мемлекеттермен де жүргізіп жатыр», - деді Жайнақов.

Бұның алдында қазақстандық азаматтарға Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз баруға жол ашылғанын хабарлаған болатынбыз.