08 сәу, 2020 сағат 08:20

Азия-Тынық мұхит аймағының дамушы елдерінде биыл өсу қарқыны қандай болады?

Азия-Тынық мұхит аймағының COVID-19 және төтенше климаттық жағдайға ден қою шаралары тұрақты және болашақты қамтамасыз етуі тисі. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

COVID-19 індеті мен оның бүкіл әлемдегі адамдардың өміріне жасаған көп қырлы ықпалынан туындаған қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы бұрын-соңды болмаған төтенше жағдай Азия-Тынық мұхит аймағына ауыр тиді. Аймағымыздағы елдер аймақтың экономикалық денсаулығына да әсер етеді деп болжалданып отырған бұл індеттің ауқымды әлеуметтік-экономикалық салдарын жеңілдетуге күш салып келеді. Бүгін жарияланған Азия-Тынық мұхит аймағындағы экономикалық және әлеуметтік жағдайдың 2020 жылғы жыл сайынғы шолуында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АТМЭӘК) Азия-Тынық мұхит аймағының дамушы елдерінде биыл өсу қарқыны айтарлықтай бәсеңдейді деп болжап отыр. 

Аймақтың табиғи және экономикалық бақуаттылығын қолдау үшін батыл инвестициялар қажет. 

Шолуда саясаткерлерге зардап шеккен кәсіпорындар мен үй шаруашылықтарын қолдауға және «экономикалық індеттің» алдын алуға бағытталған шаралар көмегімен аймақтың экономикалық денсаулығын қорғауға қатысты ұсынымдар берілген. Сондай-ақ, Азия-Тынық мұхит аймағының дамушы елдерінде COVID-19 індетімен күресу үшін Шолуда төтенше медициналық көмек көрсетуге арналған шығыстарды 2030 жылға дейінгі кезеңде жыл сайын шамамен 880 млн. АҚШ долларына ұлғайту ұсынылып отыр. Жұқпаның таралуына мониторинг жүргізу және жұқтырған адамдарды күту тұрғысынан ден қою шараларын жүзеге асыратын медицина қызметкерлерінің мүмкіндіктерін кеңейту үшін қаржылық қолдаудың шешуші мәні зор болмақ. Сонымен қатар, АТМЭӘК Азия-Тынық мұхит аймағының елдерін денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға әзірліктің аймақтық қорын құру туралы мәселені қарастыруға шақырады.

Сондай-ақ, бұл індет бізге адамдар мен ғаламшарға қымбатқа түскен экономикалық өсуіміздің жолын қайта ойлауға мүмкіндік беріп отыр. 

«2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға қатысты ЭСКАТО-ның соңғы бағалауына сәйкес, Азия-Тынық мұхит аймағы 2030 жылға қарай Тұрақты даму саласындағы 17 мақсаттың (ТДМ) бір де біреуіне жете алмайды, ал қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірнеше мақсат бойынша тіпті кері беталыс орын алмақ.

Бұл ресурстарды қарқынды пайдаланудың арқасында аймақ қол жеткізген материалдық өркендеу саласындағы қомақты жетістіктерге айқын қайшы келеді. Енді міне, денсаулық сақтау саласындағы осынау төтенше жағдай кезінде біз ауасы ең ластанған әлемдегі 100 қаланың 97-сі және климаттың өзгеруіне неғұрлым ұрымтал 10 елдің 5-і орналасқан аймақта соның зардабын тартып отырмыз. Экономика саласындағы саясаттың кедейшілік ауқымын қысқарту және жұмыс орындарын құру мақсатында барынша қарқынды өсуді қамтамасыз етуге бағытталатыны түсінікті-ақ. Алайда, өсу әдістері ұзақ мерзімді келешекте оның тұрақтылығына балта шабатын болса, біз олардың дұрыстығына сынмен қарауға тиіспіз.

2020 жылғы Шолуда болашақ ұрпаққа салауатты ғаламшарды қалдыруға мүмкіндік беретін өсу жолына көшу ұсынылады. Шолу бүкіл экономикалық қызметтің негізінде жатқан өндіріс пен тұтыну парадигмасын өзгертуге шақырады.

Өндіріс пен тұтыну тәсілдерінде осындай түбегейлі өзгеріске қол жеткізу үшін ғаламшардың бақуаттылығына қатысы бар барлық мүдделі тараптар – үкіметтер, кәсіпкерлер мен тұтынушылар – «Істерімізді әдеттегідей жүргізуді доғарайық!» деген ұранды қабылдауы керек. Саясаткерлер келе жатқан климаттық дағдарыс туралы да ұмытпауға тиіс: керісінше, олар әрбір шешімнің шеңберінде әлеуметтік интеграция мен экологиялық тұрақтылықты көздейтін экономикалық ынталандыру шараларының топтамаларын әзірлегені жөн.

Шолуда мүдделі тараптардың әрбір тобы үшін мұндай өзгеріске кедергі келтіретін проблемалар мен шектеулер анықталды. Бақытымызға орай, осы сын-қатерлерді қабылдау және барлық мүдделі тараптардың мақсаттарын 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібінде көзделген тұрақты даму мақсатына сәйкестендіру – әбден мүмкін нәрсе.

Атап айтқанда, Шолу аймақ елдерінің үкіметтерін саясатты жасау және іске асыру процесіне орнықты даму мәселелерін енгізуге, қазба отынға тәуелділіктен арылуға және қаржыландыруды экологияландыруға қолдау көрсетуге шақырады. Аймақта әлі күнге дейін отынның қазба түрлеріне жыл сайынғы субсидия түрінде 240 млрд. АҚШ доллары бөлінсе, жаңартылатын энергия көздеріне салынатын инвестициялар 150 млрд. АҚШ доллары деңгейінде қалып отыр.

Коммерциялық кәсіпорындар орнықты даму мәселелеріне инвестициялық шешімдерді талдау және қабылдау кезінде экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерін есепке алу жолымен қажетті назар бөле алады. Көміртегі шығарындылары үшін алымдарды белгілеу шығарындыларды азайтудың және климаттың өзгеруіне байланысты тәуекелдерді азайтудың негізгі құралдарының біріне айналады. Аймақ қазірдің өзінде жаңадан шығып жатқан бірлескен тұтыну экономикасы мен циркулярлық экономиканың тұрақты бизнес-парадигмаларын қабылдауда көшбасшы болып отыр.

Барлығымыз да тұтынушылар ретінде тұрақты өмір салтына көшудің маңыздылығын түсінуіміз қажет. Бұл тұтынушы таңдауының адамдар мен ғаламшарға әсері туралы хабардарлықты арттырудан басталады. Үкімет оң қолдау көрсету арқылы, ұсыныстың аз көлемі арқылы және өнімді экотаңбалау арқылы тұтынушы таңдауын ынталандыруда маңызды рөл атқаратын болады.

Бүгінгі әлемнің өзара байланыстылығын ескерсек, орнықты даму мәселелерін интеграциялау үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін көреміз. Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің үкіметтері климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы, әсіресе климаттың өзгеруіне байланысты стандарттар мен саясатты жасау саласындағы өз іс-қимылдарын үйлестіруі қажет. Осыншама жетістікке жеткен және сонымен бір уақытта үлкен шығынға ұшырау қаупі төніп тұрған Азия-Тынық мұхит аймағының даму жолында шұғыл бұрылысты кезең орын алып отыр. Аймақтың ендігі экономикалық өзгерістер кезеңі неғұрлым тұрақты болуға және неғұрлым таза өндіріс пен ресурс сыйымдылығы азырақ өмір салтына алып келуге тиіс.

Ендеше, COVID-19 індеті шиеленістіре түскен аймақтың даму жолындағы кедергілерді ескере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының тұрақты және өміршең болашақты қамтамасыз етуге бағытталған он жылдық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында күш-жігерді жұмылдыруға шақырған үндеуіне құлақ асайық.