30 там, 2018 сағат 08:35

Азия ойындары: Қазақстандық ескек есушілер тағы бір медальға қол жеткізді

Қазақстан құрамасы Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында тағы бір медаль еншіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.  

Палембангтағы финалдық кезеңде байдарка мен каноэде ескек есушілер күміс жүлдеге қол жеткізді. Илья Голендов пен Андрей Ергучев 1000 метрге екі адам болып жарысуда бақ сынаған болатын. Қазақстандық спортшылардың алдын қытайлықтар орап кетті.

И. Голендов пен А. Ергучев жұбының көрсеткіші - 3.23.815. Ал алтын жүлде алған Қытай командасының уақыт көрсеткіші - 3.23.601.

Қола жүлде Өзбекстан командасының еншісінде. 

Еске сала кетейік, бүгін таңертең төрт адамдық сында Қазақстан командасы алтын медальға ие болған еді.

Сондай-ақ хабарланғандай, байдарка мен каноэде ескек есуден әйелдер арасындағы жарыста Анастасия Березовская (500 метрге жарысудан) мәре сызығын 6-шы болып кесіп өтті. Бұл сында Қытай, Иран және Оңтүстік Корея спортшылары топ жарды. 

30 тамыз күні Ұлттық құрама спорттың 9 түрінен бақ сынайды.