03 қыр, 2019 сағат 16:06

Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумына қандай танымал жазушылар келеді?

Ертең елордада басталатын Азия қаламгерлерінің І форумына Нобель сыйлығының 3 номинанты мен өзге де танымал тұлғалар қатыспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, бұл форумға әуелде Мо Ян, Орхан Памук, Харуки Мураками, Кэндзабуро Оэ сияқты Нобель сыйлығының лауреаттары мен номинанттары шақырылған екен. Алайда Нұр-Сұлтанға келуге тек Нобель сыйлығының 3 номинанты ғана мүмкіндік тауыпты.

«Нобель сыйлығының лаураеаты Кэндзабуро Оэнің жасы 85-ке келіпті. Ұзақ жолды көтере алмайтынын айтты. Ал Орхан Памук АҚШ-қа кетіп бара жатқандықтан, тағы бірде келуге уәде берді. Мо Ян мырзаны Қытай жазушылар одағының төрайымы әкелуге уәде берген. Сөйтсе, ол кісі Қытай аумағынан жылына екі-ақ рет шыға алады екен. Екі мүмкіндігін де пайдаланып қойғандықтан, ол да болашақта келуге уәде берді», - дейді форум иесі.

Әйтсе де, форумға келе жатқан 70-тен астам ақын-жазушының бәрі де өз елінде ең танымал тұлғалар деуге болады. Солардың арасында Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, пекиндік жазушы, қандасымыз Әкбар Мәжит те бар. Жалпы бұл форумға Қытай өзінің 3 жазушысын жіберіп отыр. Ирандық Сайид Ходи Киесари де парсы әлемінде көзі тірі жазушылардың ең танымалы саналады. Ресейден Анатолий Ким бастаған 5 әдебиетші, Үндістаннан «Дурбапутра» романының авторы Амар Митра, Малайзиядан ғалым-ақын Мухамад Саллех, Вьетнамнан «Тексіз адам тарихы» кітабының авторы Хуан Дук сияқты танымал әдебиет өкілдері қатысады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, Кувейт, Иордания, Непал, Бруней, Сауд Аарабиясы, Индонезия, Камбоджа, Тайланд, Жапония, Ирак, Өзбекстан, Шри-Ланка сияқты 38 елдің ақын-жазушылары үш күн бойы әдебиет әлеміне қатысты өзекті мәселелерді талқыламақ.

Солардың ішінде Нобель сыйлығының номинананттары кореялық Ко Ын, моңғолиялық  Мэнд Оео, катарлық Моза Әл Малки бар.

Еске салсақ, 4-6 қыркүйек күндері елордада Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтеді.